Open Labyrinth элементтері бар проблемалық оқытудың тиімділігі

Инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын қолдану студенттерге болашақта инженер-технолог ретінде кәсіби қызметті сапалы орындауға мүмкіндік беретін тереңірек білім қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Белсенді оқыту әдістері (БОӘ) студенттердің тек оқытушымен ғана емес, бір-бірімен де кеңірек өзара пікірлесуге бағытталған және оқыту үдерісінде студенттердің белсенділігінің басым болуын қамтамасыз етеді. Осы мақсатта фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында «Фармацевтикалық талдаудың әдістері мен құралдары» пәні бойынша 4 курс студенттерімен «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасы аясында Open Labyrinth элементтері бар проблемалық оқытудың белсенді әдістерін қолдану арқылы ашық зертханалық сабақ ағылшын тілінде жүргізілді.

Студенттердің алдында хроматография, фотоэлектроколориметрия және ИҚ-спектроскопия әдістерін қолданып, дәрілік заттарды идентификациялау және олардың тазалығын талдау міндеті тұрды. Оқу тобы үш командаға бөлініп, бұл тапсырманы орындады. Белсенді әдістерді қолдана отырып өткізілген зертханалық сабақ студенттердің оқу және практикалық әрекеттерін белсендіріп, олардың түрлі ақпарат көздерінен қажетті мәліметтерді өз бетінше іздеу, шығармашылықпен өңдеу және пайдалану қабілетін қалыптастырды. Бұл студенттердің зертханалық жұмысты тиімді жүргізуіне мүмкіндік берді.

Оқу материалын бекіту үшін студенттерге спектрофотометр, фотоэлектроколориметр және ИҚ-спектрометрдің негізгі элементтерін дұрыс ретпен жинау тапсырылды. Ситуациялық-бағдарланған оқыту әдістемесі жеке (QZ-платформасында тестілеу) және топтық жұмысты қамтыды, сондай-ақ виртуальды өндіріс - «Open Labyrinth» жүйесінде жұмыс істеуді қолданды. Мұндағы негізгі мәселе виртуальды өндіріс жағдайында проблеманы шешу болды. Ситуациялық тапсырмаларды пайдалану студенттердің назарын белгілі бір мәселелерге шоғырландыруға, оқу үдерісін кеңейтуге, оның оңтайлануына және студенттердің бұл пәнді оқуға деген мотивациясын арттыруға ықпал етті.

Командалық және ситуациялық-бағдарланған оқыту әдістерін қолдану сабақтарды өткізудің пассивті формаларына жақсы балама болып табылады. Бұл студенттердің коммуникативтік дағдыларын дамытып, оқу материалын жақсырақ меңгеруге, мінез-құлықтық және кәсіби дағдыларды дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді.

17.10.2024, 16:44
212 қаралым