«Нашақорлық пен лудоманияны тоқтат» атты форум

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты үшінші отырысында қоғамға қауіп тудырып отырған бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюға шақырды. Соның екеуі – нашақорлық пен лудомания туралы айтқанда, есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайтуды, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажеттігін атап өтті. Лудомания бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер екенін айта келе, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданғанын, Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдау керегін, құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажеттігін айтты.
Осы орайда «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Нашақорлық пен лудоманияны тоқтат» атты форум өткізілді. Аталмыш форумға «Қазақстан тарихы және әлеуметтік –қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы А.Ж.Ибраимова мен «Стоматология» білім беру бағдарламасының 1 курс студенттері қатысты. Форумның мақсаты: қазіргі таңда белең алған нашақорлық індетінің тамырына балта шабу, бүгінде бүкіл адамзат баласының өміріне қауіп төндіріп отырған нашақорлық пен есірткі бизнесі, синтетикалық есірткінің зияны және жастар мен жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттерге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Форумда «AMANAT» партиясының өкілдері мен «Психикалық денсаулық орталығының» психиатр-нарколог дәрігерлері құмар ойынға тәуелділіктің белгілерін, ерекшеліктерін, жағымсыз жақтарын егжей-тегжейлі қамтитын мазмұнды баяндама жасады.
Құмар ойынына тәуелділік және оның даму кезеңдері, сондай-ақ тәуелділік қай сәттен бастап пайда болады , құмар ойындарға тәуелді адам қандай белгілерді көрсететіні талқыланды.
Форум соңында студенттер ақпараттан алған әсерлерімен бөлісіп, өздеріне қандай қорытынды жасағандарын айтып, осы тақырып бойынша қызықтырған барлық сұрақтарына жауап алды.

29.10.2024, 11:36
206 қаралым