Міржақып. Оян, Қазақ!
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының тәлімгерлік топтары Қазақстан ұлттық телеарнасының қолдауымен түсірілген «Міржақып. Оян, Қазақ!» көркем фильмін тамашалады.
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп кең даласында алаңсыз өмір сүріп, малын бағып, бейқам халқын оятып, оларды ілім-білімге шақырған тіл, ұлт жанашыры, халық тарихында аштықтан зардап шеккен адамдарға көмектесетін алғашқы қор құрған қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірімен танысты.
Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қашаннан еңбегі еш, тұзы сор қазақ халқы үшін де сындарлы кезең болғаны белгілі. Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн.
Кафедра ұжымы студенттермен бірге фильмнен алған әсерімен бөлісу мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Фильм жасөспірімдерді өз тарихын қайта қарауға, рухани байытуға жол көрсетті. «Қуғын-сүргін оқиғасына байсалдылықпен қарадық. Негізі, фильм жүрегімізге өте қиын нәрсені жеткізе алды. Оны жыламай көру мүмкін емес еді, ол көптеген эмоцияларды, соның ішінде ашу мен ызаны тудырды», - деп бөлісті студенттер пікірлерінде.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!»- деп айтқан болатын. Осы орайда өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту және еліне жеріне деген махаббатын арттыру - негізгі мақсатымыз. Бұл – үлкен рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс.