“Мен – донормын, өзгеге үміт сыйлаймын”
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы “Отбасылық медицина” кафедрасының ұйымдастыруымен ІЖТДҚ-19-24 және ІЖТДҚ-27-24 топ интерн-дәрігерлері Шымкент Қалалық қан орталығында “ Мен – донормын, өзгеге үміт сыйлаймын” тақырыбында донорлық акциясын өткізді.
Іс шараның мақсаты: Донор болу – батырлық емес, бұл – жүректің мейірімі. Донорлық – бұл адам өмірін құтқару мен денсаулығын жақсартудың маңызды жолы. Қан орталықтарында донор болу – әрбір азаматтың әлеуметтік жауапкершілігін көрсетуге, сондай-ақ қоғамға пайдалы іс жасауға мүмкіндік береді. Дәрігер интерндер қан донорлығын насихаттауда белсенді рөл атқара алады. Бұл іс- шара өз тәжірибемізбен бөлісіп, басқаларды донор болуға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Донор болудың артықшылықтары:
* Денсаулыққа пайдасы: Донорлық қан беру процессі организмді жаңартады, қан айналымын жақсартады.
* Психологиялық қанағат: Басқаларға көмектесу сезімі, әлеуметтік жауапкершілік – бұл адамның рухани дамуына ықпал етеді.
* Медициналық тексеру: Донорлар өз денсаулығын тексеруден өтеді, бұл оларға өздерінің денсаулығын бақылауға мүмкіндік береді.
Донор болу процесі - ең алдымен медициналық тексеруден өттік. Бұл біздің денсаулығымыздың қан тапсыруға жарамдылығын анықтауға көмектеседі. Қан тапсыру процесі 10-15 минутты алды. Бұл кезде донордың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, дәрігерлердің бақылауында болдық. Қан тапсырып болғаннан кейін, донорларға арнайы сусындар мен тағамдар берілді. Бұл дененің қалпына келуіне көмектеседі.
Дәрігер-интерндер мұнда алғашқы қан алу процесінен бастап, оны компоненттерге бөлу, сақтау, сапасын бақылау және нақты науқастарға жеткізу жолдарын көздерімен көріп, мамандардан толық ақпарат алды. Әр қызметкер – көзге көрінбейтін, бірақ күн сайын адам өміріне араша түсіп жүрген нағыз қаһарман.
Іс-шара соңында дәрігер- интерндердің ойы: Болашақ дәрігер ретінде біз осы жерден тек қана медициналық білім емес, адамдық құндылықтар жайлы көп нәрсе үйрендік. Қан – өндірілмейтін, жасанды түрде алмастырылмайтын құнды ресурс. Ол тек адамнан адамға ғана беріледі. Сондықтан донор болу – тек ерлік емес, бұл адамгершілік пен жанашырлықтың биік көрінісі. Донор болу – ерекше сезім. Біз біреуге беймәлім болсақ та, жүрегімізбен жақынбыз. Біз адамгершілікке, мейірімге толы жолды таңдадық. Біз де біреуге өмір сыйлай аламыз.
«Сіз де донор болыңыз. Сіз де біреуге өмір сыйлай аласыз!» деп осы игі іс-шараны жалғастыруға шақырамыз.
