«Медициналық ЖОО-да тәрбие жұмысын жетілдіру» форумы

2022 жылдың 25 ақпан күні ОҚМА АҚ Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен Медициналық жоғары оқу орындарының арасында «Медициналық ЖОО-да тәрбие жұмысын жетілдіру» атты бірінші онлайн форумы өткізілді.

Форум мақсаты: медициналық жоғары оқу орындарындағы тәрбие жүйесін жетілдіру; медициналық оқу орны студенттері арасындағы дебатты дамыту; медициналық еріктілікті дамыту; студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының бірегей форматын қалыптастыру.

Форумға Семей қаласының медициналық университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университеті, Астана медицина университеті, Қазақ Ресей медициналық университеті, МКТУ, Қарағанды медициналық университеті, М.Оспанов атындағы БҚМУ, тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, тәрбие және жастар саясатына жауапты мамандары катысты. Іс-шараны модератор ОҚМА АҚ Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының басшысы Е.Сәлім ашып, сөз кезегін ОҚМА АҚ ректоры М.Рысбековке берді.
Ары қарай жоғары оқу орындары өздерінің білім ордаларындағы тәрбие жұмысы, дебат ұйымы, еріктілер ұйымы бойынша жасалып жатқан жұмыстары жайлы қысқаша тоқталып өтті.

Форум шешімі бойынша: Қазақстан «Медициналық жоғары оқу орындарының Лигасы» құрылды. «Медициналық ЖОО лигасы» жылына бір рет өткізіліп отыратын болды. Оған мүше ЖОО арасында түрлі сайыстар өткізіп, оған төрағалық жасау мен өткізу көшпелі түрде жүргізілетін болды. Және де Медициналық ЖОО арасында дебат қозғалысының бірыңғай платформасы әзірлеу, студенттер арасында 100 жаңа оқулық бағыты бойынша «Үздік оқырман» сайысын өткізу, көңілді тапқырлар клубы арасында сайыс өткізу, үздік шет ел ЖОО-ларымен жастар саясаты мәселесіндегі ынтымақтастықты жетілдіру жұмысы қолға алынатын болды.

Барша медициналық ЖОО-дары осы бастаманы көтерген ОҚМА АҚ ұжымына зор алғыстарын білдірді. Медициналық ЖОО Лигасы студенттерімізге жаңа серпін мен жаңа жетістіктерге жол ашатынына сеніміміз мол!

28.02.2022, 22:08
504 қаралым