Көптен күткен Жаңа жыл

"Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" хәкім Абай атамыз айтқандай, жаратылыстың ең саналысын құрметтеп, қол ұшын созу бұл ең бірінші адамшылық міндетіміз. Әрбір тұлға Жаратушының шедеврі, қайталанбас көркем ойы.

1488 1

Осы орайда "Мейірбике ісі" мамандығының 3,4 курс студенттері мен "Жедел медициналық көмек және мейірбике ісі" кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы жаңа жыл қарсаңында "Көмек" дағдарыс орталығында ҚР "Қызыл Жарты Ай" құрамына кіретін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған қайырымдылық концерт ұйымдастырды. Концертті өткізудің мақсаты - орталықта психологиялық, медициналық, әлеуметтік көмек көрсетілетін шынайы қауіп төніп тұрған балалар мен олардың аналарының көңілін мейрамдық көңіл-күйге бір сәтке болсын көтеру. Қоғамнан көп жағдайда шет қалатын отбасыларға өз назарымызды аударып, адамдық парызымызды өтеу болатын.

1488 2

Балалар студенттермен бірге ән салып, би билеп, Аяз Ата мен Ақша қарға дайындаған өлең, тақпақтарын айтып, өз өнерлерін көрсетті. Бағдарлама соңында балаларға және олардың аналарына жаңа жылдық сыйлықтар мен ойыншықтар табыс етілді. Ізгі тілектер, мерекемен құттықтаулар, флешмоб, сондай-ақ сыйлықтар ешкімді бей-жай қалдырмады.

1488 3

"Жедел медициналық көмек және мейірбике ісі" кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты А.А. Сейдахметова өз кезегінде орталықтағы аналарға салиқалы әңгімелер айтып, жүрекжарды ыстық лебізімен жаңа жылдарымен құттықтады.

1488 4

Орталық директоры М. А. Жүсіпова студенттерге және оқытушыларға балаларға сыйлаған Жаңа жылдық мереке үшін алғысын білдірді.

06.01.2020, 05:47
284 қаралым