ISO 37001:2016 халықаралық стандарты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі және комплаенс
2022 жылдың 12-14 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласындағы филиалының ұйымдастырылуымен «ISO 37001:2016 халықаралық стандарты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі және комплаенс» тақырыбында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы (ОҚМА) басшыларына арналған біліктілікті арттыру семинары жүргізілді. Семинардың мақсаты ОҚМА басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті және комплаенс қызметі бойынша кәсіби біліктіліктерін арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу саласында кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру болып табылды.
Семинарды Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Альжанова Жазира Салханқызы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласындағы филиалы Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Рысбаева Сауле Жаксыбайқызы және “Инкай БҚ” ЖШС-нің комплаенс-офицері Шалбаев Дархан Алдабекұлы жүргізді.
Семинар барысында «ISO 37001:2016. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі» халықаралық стандартының маңыздылығымен, талаптарымен, сыбайлас жемқорлық және өзге де тәуекелдерді бағалаумен таныстырып, бұл стандартты мекемеге енгізудегі артықшылықтарын сипаттады. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемкорлыққа қарсы саясатының қалыптасуын қарастырып, корпоративтік парасаттылықты қамтамасыз ету бойынша маңызды мағлұматтар берілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету, барлық қызметкерлер арасында шынайылықты, адалдықты қамтамасыз ететін және үздік халықаралық стандарттарға, ішкі саясаттарға және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жұмыс орнындағы қызметті жүргізу үшін жағдай туғызатын және ішкі сыбайлас жемқорлыққа қарсы корпоративтік мәдениетін қалыптастыру мақсатындағы бастамалар, іс-қимылдар шеңберінде арнайы құрылған комплаенс-офицердің функционалдық міндеттемелері бойынша семинар жүргізушілер қажетті ақпарат берді.