Ғылыми мақалаларды талдау арқылы микробиологияны меңгеру
«Микробиология, аллергология және иммунология» кафедрасында 2025 жылғы 24 қаңтар күні ВМ-МҚБ-05-23 тобының білім алушыларымен «Микробиология және иммунология» пәні бойынша «Көкіріңді және гемофильді таяқшаның биологиялық ерекшеліктері» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Сабақты ұйымдастырушы кафедраның аға оқытушысы
Ш.Т. Полатбекова. Ашық сабақ Scopus, Web of Science және басқа да ғылыми журналдардан алынған мақалаларды талдау (RBL) әдісі негізінде өтті. Сабаққа кафедра меңгерушісі Б.Т. Сейтханова, «Медицина» факультетінің сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комиссия төрайымы Ұ.Ә. Садыбек және «Медицина» факультетінің АК мүшесі М.К. Бариева қатысты. Сабақ барысында білім алушылар көкіріңді (Pseudomonas aeruginosa) және гемофилді (Haemophilus influenzae) таяқшалардың биологиялық ерекшеліктері, патогендік қасиеттері, антибиотикке төзімділік механизмдері, сонымен қатар ауруханаішілік инфекцияларда бұл бактериялардың рөлі туралы мәлімет алды. Сабақтың кіріспе кезеңінде білім алушылар тақырып бойынша баяндама жасап, негізгі бөлімде ғылыми мақалаларды талқылап, өз қорытындыларын жасады. Ғылыми деректерді талдау барысында клиникалық зерттеулердің әдістемелік негіздері (рандомизация, плацебо-бақылау), заманауи микробиологиялық диагностика әдістері, антибиотикке төзімділік мәселесі және инфекциялық ауруларды емдеудегі жаңа тәсілдер қарастырылды. Талдау барысында сирек кездесетін клиникалық жағдайларды сипаттау білім алушыларға аурудың ерекше көріністерін түсінуге мүмкіндік берді, бұл олардың клиникалық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Білім алушылар өз жұмыстарын постер түрінде қорғап, зерттеу нәтижелерін ортаға салды.
Ашық сабақ жоғары деңгейде ұйымдастырылып, білім алушылардың белсенділігі мен ғылыми деректермен жұмыс істеу қабілеті жоғары бағаланды. Сабақ мақсатына толықтай жетіп, білім алушылар микроорганизмдер мен иммундық жүйе арасындағы өзара әрекеттесу, инфекциялық аурулардың алдын алу мен емдеудегі заманауи тәсілдер және клиникалық зерттеулердің рөлі туралы құнды білім алды.