Ғылыми конференция тағылымы
2024 ж. 30 мамыр күні Түркістан облысы Кентау қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына арналған «Сұлтанбек Қожанов және ұлттық мемлекет құру идеясы. Тарихы мен бүгінгі тәжірибелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияға танымал тарихшы ғалымдармен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ұстаздары, архив және музей қызметкерлері, докторанттар мен жалпы білім беру мекемелерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Ғылыми басқосудың пленарлық отырысында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Қабыл Алғабек Әділбекұлы «1920-1930 жылдардағы ауакөшуге байланысты Сұлтанбек Қожанұлының қайраткерлік еңбегі» тақырыбында баяндама жасады. Танымдық тағылымы мол ғылыми конференция қорытындысы бойынша марапатталғандар қатарында А. Қабыл Кентау қаласының әкімі Тасов Жандос Қалмырзаұлының табыстауымен «С. Қожанов – 130 жыл» төсбелгісіне ие болды.