Денсаулық сақтау жүйесі тиімділігінің индикаторлары туралы
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін өлшеу әдістері бойынша «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін бағалау және әсерін талдау технологиялары. Халықаралық деңгейде салыстырмалы талдау» жобасының шеңберінде, 2022 жылғы 12-17 қыркүйек аралығында Алматы қаласында жоспарланған 3 семинар-тренингтің 2-ші семинары өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – денсаулық сақтау мамандары арасында денсаулық сақтау жүйесі тиімділігін бағалау тәсілдерін тарату және оларды осы жобаға тарту. «ОҚМА» АҚ атынан Сарсенбаева Гульзат және Мизамов Даурен (Әлеуметтік медициналық сақтандыру және қоғамдық денсаулық кафедрасы) қатысты.
Екінші кезеңде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін бағалау көрсеткіштерімен танысу болды. Жоба үйлестірушілері Ляззат Кошербаева, Айжан Самамбаева және Yolanda Pena-Boquete күтілетін өмір сүру ұзақтығы, жалпы және ана өлімі сияқты дәстүрлі көрсеткіштерді пайдаланудан бас тартып, емделуге болатын және алдын алуға болатын өлім көрсеткіштеріне назар аударуды ұсынады. Осы ретте бұл терминдердің Қазақстан Республикасында және әлемде түсіндірілуі мен қолданылуы туралы қызу пікірталас болды.
Кластерлік талдаудың көмегімен жобаға қатысушылар әлемнің әртүрлі елдерінің денсаулық сақтау жүйелерінің осы көрсеткіштер бойынша ұқсас/әртүрлі екенін мысалдармен көрсетті. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары денсаулық сақтау жүйелерін қарқынды көрсеткіштер бойынша дұрыс салыстыру үшін алдымен бұл көрсеткіштерді стандарттау қажет екенін еске салады.
«Шығындар-шығарылым» матрицасының көмегімен ел экономикасының түрлі секторларының өзара әсері қарастырылды. Мысалы, егер ҚР-да денсаулық сақтау саласы гипотетикалық түрде жоғалып кетсе, онда экономиканың жылдық шығындары 23%-ды құрайды, ал кейінгі жылдары бұл көрсеткіш тек арта түседі.
Семинардың соңғы кезеңі 2023 жылы сәуір айында өтеді. Онда ҚР Денсаулық сақтау жүйесінің ел экономикасына қосқан үлесін және тұтастай ел бойынша және жекелеген өңірлер бойынша денсаулық сақтау жүйелерінің ішіндегі элементтердің/факторлардың маңыздылығын қалай бағалау керектігі егжей-тегжейлі талданатын болады.