Белсенді әдістер – оқытудың тиімді тәсілі
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының оқытушылары көктемгі семестрдегі жоспарлы ашық сабақтарында белсенді оқыту әдістерін қолдана отырып жүргізді.
Профессор С.К. Ордабаеваның белсенді дәрісі фармацевтикалық химия бойынша "Пурин туындылары" тақырыбындағы күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес өткізілді. Дәрістің мақсаты білім алушыларда оқытылатын тақырып бойынша дәрілік заттардың физикалық және химиялық қасиеттері, зерттелетін топ дәрілік заттарының сапасын бақылаудың фармакопеялық және балама әдістері туралы білімдерін қалыптастыру болып табылады.
Дәрісте оқытудың белсенді әдістерінің бірі - дәріс-иллюстрация қолданылды. Оқыту әдісінің мақсаты студенттерге сызбалар, химиялық реакциялар, иллюстрациялар, визуалды материалды ауызша немесе жазбаша түрде түрлендіруге үйрете отырып, олардың белсенді ойлау әрекеті арқылы кәсіби ойлауын қалыптастыруға ықпал етуге негізделген.
Дәріс-иллюстрация проблемалық сипатқа ие, түсініктемесіз иллюстрациялар студенттерге ақпаратты талдау, синтездеу, жалпылау және жинақтау арқылы ақыл-ой әрекеттерін қоса алғанда, ақпаратпен жұмыс істеу процесінде интеллектуалды операцияларды меңгеруге мүмкіндік беретін міндет болып табылады.
Дәріскер дәріс бойынша презентация, үлестірме және көрнекі материалдарды дайындаған. Дәрістің барлық дерлік материалы дәрілік заттардың құрылымдық формулалары, олардың физикалық және химиялық қасиеттері, химиялық реакциялар, сапалық және сандық талдау әдістері, инструменталды әдістер иллюстрациялар түрінде келтіріліп, аудиторияға тиісті сұрақтар қою арқылы үнемі байланыс орнатылып отырылды.
Дәріс материалын ұсынудың жоғары әдістемелік деңгейі, материалға өз пікірлерін беру, студенттердің алдына қойылған сұрақтарды шеберлікпен және орынды пайдалану, оларды бірлесіп шешу - белсенді дәрістің мақсаты мен міндеттеріне толық қол жеткізуге мүмкіндік берді. Студенттердің бұл процеске қатысуы олардың жоғары ақыл-ой белсенділігін, өз ойлары барысында материалды жақсы түсінуі мен игеруін қамтамасыз етті, олардың болашақ кәсіби қызметінде мүмкін болатын сұрақтар мен ситуациялық мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.
Доцент А.Д. Серікбаева мен аға оқытушы Д. Алтынбектің дәрісі және зертханалық сабағы 6В10106 "Фармация" ББ 5 курс білім алушыларымен өткізілді. Сабақтар қоғамның өзекті мәселесі - есірткі заттарды заңсыз пайдалану мен олардың химия-токсикологиялық талдау әдістеріне арналды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің ерекшелігі істің барлық мән-жайларын дұрыс анықтау үшін әртүрлі бейіндегі мамандардың: криминалистерді, химик-токсикологтарды, дәрігер-наркологты тартуды талап етеді. Бұл ретте шешуші бағыттардың бірі есірткіні қолдану фактісін анықтау мақсатында күдіктілерге сот-медициналық тексеру жүргізу болып табылады, оның нәтижелері көбінесе зерттелушінің биологиялық сынамаларын зертханалық зерттеулер нәтижелеріне байланысты болады. Осы мақсатқа жету үшін білім алушылар есірткі заттардың химия-токсикологиялық талдауы бойынша теориялық дайындықтары жоғары болуы тиіс. Жоғары білімнің қазіргі кезеңінде осы мақсатқа жету үшін материалды терең түсінуге және алынған теориялық білімді бекітуге көмектесетін әртүрлі инновациялық оқыту әдістерін қолданған жөн.
Ашық сабақтар "Нақты жағдайды талдау" әдісі арқылы жүргізілді. Сабақ барысында оқытушылар аудиторияны есірткі заттар сот-медициналық зерттеудің химия-токсикологиялық талдау тәжірибесінде кездесетін ситуациялық тапсырмамен таныстырып, оны шешу барысында білім алушылар биоүлгілерден токсикантты табуға тиіс болатын тапсырманың мәнін түсіндірді.
Мәселені шешу үшін дәріскер БҰҰ есірткі заттарды бақылау комитетінің дүниежүзі бойынша мәліметі, кокаин есірткі өнімдерін, оларда кездесетін қоспалар, метаболизм жолдары, сынама дайындау тәсілдері және қазіргі заманғы физика-химиялық әдістерді қолдана отырып жүргізілетін талдаулар туралы баяндады. Сондай-ақ білім алушыларға БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының сәйкестендіру мен талдау бойынша ұсынылған әдістері туралы ақпаратты айтып кетті.
Зертханалық сабақтарда әр топ нақты өмірдегі белгілі бір проблемамен жұмыс істеді, бұл топқа стратегияларды дамытуға, мәселеге тереңірек үңілуге, тапсырманың зертханалық бөлігін кезең-кезеңімен орындауға, әр студенттің шығармашылық белсенділігі мен тиімділігін арттыруға және соңында ситуациялық мәселелерді ең ықтималды дұрыс жауаппен шешуге мүмкіндік берді.
Ашық сабақтарға қатысқан Академия оқытушылары, студенттер белсенді оқыту әдістерін қолдана отырып жүргізілген сабақтарға оң бағаларын беріп, олардың бағдарламаға сай материалды игерудегі және білім алушылардың кәсіби дағдыларын бекітудегі тиімділігін атап өтті.