«АИТВ-инфекциясы» тақырыбындағы «Салауатты өмір салты» жобасы
16.04.2024ж. «Жалпы тәжірибелік дәрігер-2» кафедрасының меңгерушісі м.ғ.к., профессор Досыбаева Г.Н., Медицина магистрі Сметова Р.А. 6 курс ЖТД интерндерімен бірлесіп «АИТВ/ЖИТС» тақырыбында «Мирас» университетінің 1-3 курс стунденттерімен ағартушылық дәріс өткізді. «Жалпы тәжірибелік дәрігер-2» кафедрасының білім берушілері тақырыптың өзектілігі, дерттің алдын алу мақсатында халық арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Дәріске қатысқан дәрігер-интерндер көпшілікке ақпаратты барынша қолжетімді жеткізуге тырысты. «Мирас» университеті студенттерінің назарына қызықты әрі эмоционалды қойылым және сұхбат ұсынылды.
Берілген мәлімет презентация және тыңдаушылардың қатысуымен өткізілген зияткерлік ойынмен бекітілді. Сырқаттың түпкі мәні, берілу жолдары, моральды және заңды жауапкершілік, емдеу шараларына бейілділік сияқты өзекті мәселелер жан-жақты талқыға салынды.
Зияткерлік ойынға қатысып, қойылан сұрақтарға белсенді жауап берген студенттерге сыйлықтар табысталды. Іс-шараның соңына қарай дәріс тыңдаушылар өздерінің оң пікірлерін қалдырды. Нақтылай кеткенде, АИТВ-инфекциясының себептері мен алдын алу шаралары жайлы көптеген жаңа ақпарат алғандарына, осындай қызықты тақырып ортаға салынғанына қуаныштарын білдірді. Сонымен қатар, студенттер келесі кездесулерде талқыға салуды жөн көрген қызықты тақырыптармен бөлісті.
Кездесудің қонағы Салауатты өмір салты орталығының өкілі – маман Боранбаева А.М., кафедраға және интерндерге осындай іс-шараны өткізуге ат салысқанадары үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жайлы еске салды. Болашақта ОҚМА «Жалпы тәжірибелік дәрігер-2» кафедрасы және Шымкент қаласының Салауатты өмір салты орталығы арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту мен екі жақты меморандумға қол қою жоспарларымен бөлісті.
Іс-шара аяқталған соң «Мирас» университетінің әлеуметтік жұмыстары бойынша проректор, қауымдастырылған профессор Султанова Валида Илашбаевна «Жалпы тәжірибелік дәрігер-2» кафедрасы мен 6 курс ЖТД интерндеріне қызықты әрі мазмұнды дәріс ұйымдастырғандарына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Оңтүстік-Қазақстан медицина академиясымен серіктестік пен медициналық тақырыпта ағарту жұмыстарының алдағы уақытта жалғасын табатынына сенімін білдірді.
Дәріс нәтижесінде алға қойылған басты мақсаттарға қол жеткізілді: ұсынылған мәліметтің көп бөлігі студенттердің естерінде сақталды, ойларында АИТВ-инфекциясы жайында толыққанды түсінік қалыптасты. Халықпен жұмыстың бұл түрі 6 курс ЖТД интерндеріне ой-өрістерін кеңейтуге, қарым-қатынас дағдылары, құзіреттілік пен шеберліктерін шыңдауға септігін тигізді. Осындай іс-шараларды өткізудің маңызы өте зор екендігі айқын, себебі бүгінгі таңға дейін халық арасында стигматизацияның кең таралуына және АИТВ/ЖИТС тақырыбында ашық ой білдіруге дайынсыздығына көзіміз жетіп отыр.