«Ахметтанушыға үміткер» олимпиадасы

04 қараша 2022 жылы ОҚМА-ның әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы мен қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында «Ахметтанушыға үміткер» олимпиадасы өткізілді.
Байқауда 1 курс білім алушылары бақтарын сынады. Байқаудың алғы сөзін қазақ, орыс және латын тілдерінің ф.ғ.к., доцент А.Арысбаев А.Байтұрсынұлының шығармашылығына шолу жасап, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Байқауға қатысушы үміткерлердің білімдерін Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі мұғалімі А.Ш. Дәулетбақова, Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты бөлімінің жетекші маманы Керімбекова Зина Қапанқызы және медицина колледжінің жалпы білім беретін пәндер кафедрасының қазақ тілі пәнінің аға оқытушысы Ж.С. Сарымсакова төрелік етті. Байқауға қатысушы топтар мына кезеңдер бойынша бақтарын сынады.
1-кезең. Таныстыру.
2-кезең. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» А.Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп, жатқа айту.
3-кезең. «Асыл сөз»
4-кезең. «Ізденіс» баяндама жасау.
5-кезең. «Дода» Ақын шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап беру.
Аса тартысты өткен байқаудың қорытындысы бойынша І орынды «Жалпы медицина» тобы қанжығасына байлады. ІІ орынды «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» тобына бұйырса, ІІІ орынды «Педиатрия» тобы мен «Мейірбике» топтары өзара бөлісті. «Фармация» тобы сайысқа белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Сайысқа қатысушы топтарға ынталандыру сыйлықтар, дипломдар, алғыс хаттар табысталды.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол тайғақ кешуден» өткен тұғырлы қайраткер. Ұлт ұстазына деген махаббаты бар қазақ елі барда Ахмет Байтұрсынұлының есімі бірге жасай бермек.

08.11.2022, 16:27
393 қаралым