Үздік тәлімгер-2017
2017 жылдың 2 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының үлкен мәжіліс залында жастар саясаты бөлімінің ұйымдастыруымен «Үздік тәлімгер-2017» байқауы өтті. Байқау басталмас бұрын салтанатты бөлімінде жыл бойы белсенді қызмет атқарған, ерекше көзге түскен, тәрбие бағытының белсенділігін арттыру мақсатында қосқан үлесін бағалай келе кафедралардың аға оқытушылары ОҚМФА басшылығының алғыс хатымен марапатталып, гүл шоқтары ұсынылды. Ал байқаудың негізгі бөлімінде 4 үміткер сайысқа түсті: Қазақстан тарихы және әлеуметтік қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысы – Махатова Лейла Талғатқызы, қоғамдық денсаулық сақтау – 1 кафедрасының оқытушысы - Дүйсенбаева Шолпан Аязбекқызы, дәрілер технологиясы кафедрасының оқытушысы – Сейітова Жанерке Даулетқызы, мейірбике ісі, анестезиология және реанимация курсымен кафедрасының оқытушысы – Исабаева Гүлдана Жұмабекқызы.
Аталған байқау сәлемдесу, атқарған жұмыстарының есебі, өз өнерін көрсету, ситуациялық жағдайдан шығу бойынша кезеңдерден тұрды. Әділ қазылар алқасының құрамында Шымкент мамандандырылған колледжінің директоры Алейдарова Айнаш Хантөреқызы, облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жетекші маманы Асанов Нұржан Нартажыұлы, ОҚМФА мамандар бөлімінің маманы, кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Елеусизова Гүлсара Лесқызы болып, өз бағаларын берді. Әр үміткердің жанкүйерлері қолдау көрсетіп, демеп отырды.
Байқау нәтижесі бойынша Ж.Сейітова бас жүлде «Үздік тәлімгер-2017» атағын иеленіп, Г.Исабаева «Өнерлі тәлімгер», Л.Махатова «Білікті тәлімгер», Ш.Дүйсенбаева «Көрермен көзайымы» номинацияларымен марапатталды. Жеңімпазға ОҚМФА кәсіподақ ұйымының атынан шипажайға жолдама беріліп, қатысушыларға арнайы сыйлықтар ұсынылды.
Жастар саясаты бөлімі