ЮЛИУ ХАТИЕГАНУ МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ФАРМАЦИЯ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ERASMUS+ БАҒДАРЛАМАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

2022 жылдың 14.03-10.06.2022 жж. аралығында фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының бірінші оқу жылы докторанты Бидайбек Рамазан және осы кафедраның бірінші оқу жылы магистранты Бахытқызы Гаухар Erasmus+ КА107 бағдарламасы шеңберінде Румынияның Клуж-Напока қаласындағы «Юлиу Хатиегану» медицина және фармация университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша тағылымдамадан өтіп қайтты.

Тағылымдама барысында университет базасымен танысып, электроаналитикалық химия кафедрасында «Электрохимиялық әдістердің принциптері, электродтық реакциялардың негіздері мен модификация» тақырыбы негізінде теориялық білімін шыңдай отырып, тәжірибе жұмыстарын жүргізді. Циклдік вольтамперометрия (CV), дифференциалдық импулсьтік вольтамперометрия (DPV) және электрохимиялық спектроскопия (EIS) әдістерімен автоматты AutoLab потенциостатында жұмыс жүргізілді. Тағылымдама бағдарламасы бойынша көміртекті (SPOMCEs), поли-лизинді алтынды (PLY/SPCEs) және поли-лизинмен модификацияланған (PLY/SPCEs) электродтарда метилен көгі мен алтынды электрохимиялық талдау негізінде нәтижелер салыстырмалы түрде алынды.

Сонымен қатар, Инструменталды талдау әдістері кафедрасында диссертация тақырыбына сәйкес ЖЭСХ/УК-детектор көмегімен дермене жусаннан алынған май сығындысы мен сантониннің сандық мөлшері анықталып, нәтижелер калибрлеу қисығын құруға мүмкіндік берді.
Зерттеу жұмыстары барысында алынған нәтижелерге статистикалық өңдеулер жүргізіп, қорытынды есеп берілді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының соңында тағылымдама жетекшілері PhD Oana Hosu және PhD Bogdan Feier тарапынан оң мінездеме берілді.

Ұтқырлық кезінде тек тәжірибе жұмыстарымен ғана шектелмей, Румыния елінің мәдениетімен, тарихымен, адамдарымен, дәстүрімен танысып және әртүрлі мемлекеттердің студенттермен пікір алмасуға мүмкіндік берді.

20.06.2022, 15:58
387 қаралым