Студенттер Ресейден келген жетекші репродуктолог-мамандармен кездесті
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығымеын (ҚРМҚ) бірлесе отырып, оқу орнында Қазақстан мен Ресейден келген жетекші репродуктолог-мамандардың интерн дәрігерлерімен және резиденттерімен кездесуін ұйымдастырды. Іс-шараны Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейтжанова ашып беріп, кездесудің репродуктивті медицинаның дамуына үлес қосатынына зор сенім білдірді. Жиынға медицина ғылымдарының докторы Елжан Біртанов модераторлық етуде. Кездесуде медицина ғылымдарының докторы, Ресей адам репродукциясы қауымдастығының Президенті Корсак Владислав Станиславович "Көмекші репродуктивті технологиялар: құру және клиникалық практика тарихы, болашақтағы заманауи жетістіктер мен мүмкіндіктер" тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Іс-шара барысында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейтжанова медицина ғылымдарының докторы, Ресей адам репродукциясы қауымдастығының Президенті Корсак Владислав Станиславовичке Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының профессоры атағын берді. Медицина ғылымдарының докторы, А.Ф.Цыба атындағы медициналық радиологиялық ғылыми зерттеу орталығының жаңа медициналық технологиялар бөлімінің меңгерушісі Киселева Марина Викторовна "Практикалық денсаулық сақтау фокусындағы онкофертильділік", ал Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас репродуктологы Локшин Вячеслав Нотанович "Репродуктивті медицинадағы жасанды интеллект" тақырыбында баяндама жасады.
