Санкт-Петербург мемлекеттік химико-фармацевтикалық университет қабырғасындағы ОҚМА білім алушылардың академиялық ұтқырлық аясында білім алуы
2025 жылдың ақпан айынан шілдеге дейінгі аралықта академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын 4 курс білім алушылары және «Фармацевтикалық өндірістік технология» білім беру бағдарламасы бойынша 3 курс білім алушылары Санкт-Петербург мемлекеттік химико-фармацевтикалық университетінде білімдерін шыңдауға кетті. Семестр бойы олар бейіндік пәндерді оқиды, практикалық сабақтардан өтеді және ресейлік білім алушылармен тәжірибе алмасады.
Сонымен қатар, келесі күні ОҚМА және СПХФУ арасында білім алушылар мен оқытушылар үшін мүмкіндіктер ашатын стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім, академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру жөніндегі келісім-шарттар жасалды.
7 ақпанда СПХФУ-да «Сандер оқулары» атты Халықаралық III ғылыми-әдістемелік конференция өтті, онда біздің академия оқытушылары секциялық отырыстарда баяндамалар жасап, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.
«Фармацевтикалық сала үшін кадрларды кәсіптік даярлау» секциясында фармацевтикалық өндіріс технологиясы кафедрасының фарм.ғ.к., проф.м.а. Торланова Б.О. «Фармацевтикалық индустрия үшін кадрларды кәсіптік даярлауда студенттік орталықтандырылған оқыту технологиясын іске асыру» тақырыбында баяндама жасады.
«Saussurea L. өсімдік шикізатының фармацевтикалық-технологиялық параметрлерін анықтау» тақырыбында «Фитопрепараттар мен дәрілік заттардың технологиясы мен сапасын қамтамасыз етудің заманауи аспектілері» секциясында дәрілер технологиясы кафедрасының фарм.ғ.к., проф.м.а. Орынбасарова Күлпан Кенжебаевна баяндама жасады.
Бұл фармацевтикалық ғылымы мен практикасы саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен білім алмасуды дамытудағы маңызды қадам.
ОҚМА өз білім алушыларына әлемдік деңгейде сапалы білім алуға және кәсіби өсуге мүмкіндік бере отырып, халықаралық байланыстарды кеңейтуді жалғастыруда.
Білім алушылар үздіктердің бірі болып келетін фармацевтикалық университеттердің бірінде оқуға мүмкіндік бергені үшін, кәсіби дамуды қолдағаны және халықаралық академиялық ынтымақтастыққа жағдай жасағаны үшін ОҚМА ректоры Ж.С. Сейтжановаға шын жүректен алғыс білдіреді.
