«Репродуктивті медицинаның заманауи мәселелері»

Шымкент қаласындағы «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде «Репродуктивті медицинаның заманауи мәселелері» атты тақырыпта қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының XII өңірлік конференциясы өтті.
Конференцияға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының Президенті Локшин Вячеслав Нотанович, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейтжанова, медицина ғылымдарының докторы Елжан Біртанов қатысты. Сонымен қатар, қосалқы репродуктивті технологиялар саласындағы жетекші мамандар, осы саланы дамытуға мүдделі медициналық академиялар мен ұйымдардың өкілдері бас қосты.

Олардың арасында медицина ғылымдарының докторы, Ресей адам репродукциясы қауымдастығының Президенті Корсак Владислав Станиславович, медицина ғылымдарының кандидаты Джусубалиева Тамара Муфтаховна және Баходирова Шахноза Файзуллаевна секілді репродуктивті медицина саласының білікті дәрігерлері бар.

Жиында алғашқылардың бірі болып Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас репродуктологы Локшин Вячеслав Нотанович Қазақстандағы репродуктивті медицинаның бүгіні мен болашағы жайлы мазмұнды баяндама жасады.

Конференцияда бедеулікті диагностикалау мен емдеудің заманауи принциптері кеңінен талқылануда. Көмекші репродуктивті технологияларды дамыту мен репродуктивті бағдарламаларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге де баса көңіл бөлінді.

Іс-шара барысында репродуктивті медицинаның негізгі мәселелері бойынша секциялар, симпозиумдар мен пікірталастар өткізілді. Конференция шетелдерден келген репродуктивті медицина саласының мамандарының тәжірибе алмасуына ғана емес, олардың алдағы уақытта да ынтымақтастықта жұмыс істеуіне жол ашатын болады.

03.04.2025, 17:44
96 қаралым