ОҚМФА еріктілері көш бастап келеді!
2018 жылдың 2 ақпан күні республикалық «Елбасы серіктестері» еріктілер ұйымының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша директоры, ОҚМФА «Жалпы медицина» мамандығының ІІ курс студенті - Әбдіқұл Биғалидың бастамасымен
«Мейірім» бағдарламасы аясында «Ыстық тамақ» акциясы жүзеге асырылды. Аталған акцияның мақсаты - әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қаламыздың көшелерінде жүрген төмен жағдайдағы адамдарға ыстық тамақ тарату.
Республика бойынша Шымкент, Қостанай, Павлодар қалаларында жұмыс жасап жатқан «Елбасы серіктестері» еріктілер ұйымының құрылғанына да 5 жыл толып, қарқынды жұмыс атқарып келуде. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ерікті жастарымыз көптеген адамға қуаныш сыйлап, қала тұрғындарына тегін ыстық тамақ таратты.
Академиямыздың кіші залында алдын ала Б.Әбдіқұлдың ұйымдастыруымен жиын өтіп, шараның жақсы өтуі үшін әрбір қадамдары жоспарланды. Акцияға облыс және ОҚМФА еріктілері белсене қатысқаны үшін алғыс білдіре отырып, ОҚМФА Жастар саясаты бөлімі қолдау көрсетті. Іс-шараны «Оңтүстік» телеарнасы түсіріп, қатысушылар сұхбат берді.