«Медициналық білім берудегі биологиялық пәндерді оқытудың орны мен өзектілігі» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстел
2025 жылдың 21 сәуірінде «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-да «Химиялық пәндер, биология және биохимия» кафедрасының ұйымдастыруымен «Медициналық білім берудегі биологиялық пәндерді оқытудың орны мен өзектілігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара сағат 11:00-де академияның бас ғимаратындағы №414 дәріс залында басталды.
Бұл дөңгелек үстелді өткізудегі негізгі мақсат – биологиялық пәндердің болашақ медицина қызметкерлерін даярлаудағы маңыздылығын ашып көрсету, олардың теориялық білім берудегі орны мен қазіргі заман талабына сай оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ортаға салып, пікір алмасу. Сонымен қатар, теориялық және клиникалық пәндер арасындағы сабақтастықты күшейту, жас мамандар мен оқытушылардың тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік жасау да басты назарда болды.
Іс-шараны «Химиялық пәндер, биология және биохимия» кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.к., профессор м.а. Дауренбеков Қанат Нарбекович ашып берді. Өз сөзінде ол медицина саласының дамуында биологиялық ғылымдардың алар орнына тоқталып, бүгінгі басқосудың өзектілігін ерекше атап өтті. Келесі сөз кезегін алған аға оқытушы, модератор Асилбекова Гүлшахар Кенесбековна дөңгелек үстелдің құрылымы мен тәртібін таныстырып өтті.
Баяндамалар бөлімінде бірқатар қызықты және мазмұнды тақырыптар қозғалды. Ордабекова Асмира Балтабаевна биологиялық және клиникалық пәндердің өзара байланысы туралы баяндама жасап, интеграциялау жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Ал Темирбеков Анвар Низамиддинович медициналық білім беруде биологияның базалық рөлін нақты дәлелдермен сипаттап, ғылым мен білімнің байланысын ашып берді.
Микробиология кафедрасының өкілі Джакупова Жанат Ериковна адам терісінің микрофлорасы мен оның иммундық қорғаныс жүйесіндегі маңызы жайлы баяндады. Бұл тақырып қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Сондай-ақ, Асилбекова Гүлшахар Кенесбековна қазіргі заманғы цифрлық технологиялардың, оның ішінде жасанды интеллект пен мультимедиялық ресурстардың білім берудегі әлеуеті жөнінде сөз қозғап, оқытудың тиімді жолдарын ұсынды. Мусірова Айман Егембергенқызы биологиялық пәндердің медицина мамандығына негіз болатын пәндер ретінде алар орнына тоқталса, Ажибаева-Купенова Дана Тынышбековна студенттердің ғылыми және клиникалық ойлау қабілеттерін дамытудағы осы пәндердің ықпалы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында спикерлер мен қатысушылар арасында белсенді пікір алмасу орын алды. Биологиялық пәндердің заманауи медицинада алатын орны, оқытудың тиімді әдістері мен тәжірибеге бағытталған білім берудің жолдары туралы түрлі ұсыныстар айтылды. Жиын соңында қатысушылар биологиялық пәндердің клиникалық пәндермен интеграциясын одан әрі жетілдіру қажеттігіне тоқталып, осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе жалғастыруға ниет білдірді.
Қорытындылай келе, дөңгелек үстел мазмұнды, ғылыми-танымдық тұрғыда пайдалы өтті. Оған 20-дан астам оқытушы, оқу-әдістемелік орталық әдіскері Алдабергенова Гулзахира Сансызбаевна, жас мамандар мен кафедра қызметкерлері қатысып, маңызды ойларымен бөлісті. Іс-шара қатысушыларға тың ақпарат алып, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар тарапынан осындай мазмұндағы басқосуларды тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныс айтылды. Іс-шара соңында, дөңгелек столға қатысып, баяндама жасаушыларға алғыс хаттар табысталды.
