Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыз
Акушерия және гинекология курсымен АМСЖ кафедрасында 6-шы және 7-ші интерндер тобында кезекті тәлімгерлік сағат өткізілді. Тәлімгерлік сағатта қызықты, мағыналы презентациялар көрсетіліп, тартысты пікір таластар туындады.
714 ЖТД тобының интерн-дәрігері Бекмуратова Арай «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» атты баяндама оқыды. Өз баяндамасында: «Салауаттанудың негізгі мақсаты — әрбір жеке адамның және тұтастай қоғамның денсаулығын қамтамасыз ету. Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі мақсаты -балалар мен жастарда жас ерекшеліктеріне, құндылық бағдарларына және имандылық-еріктілігіне сәйкес салауатты өмір салтының ұғымдарын, дағдыларын және уәждерін қалыптастыру».
Сонымен қатар, 608 ЖТД тобының интерн-дәрігері Амалова Айдана денсаулықтың түрлері (тән денсаулығы, дене денсаулығы, жан денсаулығы) мен құрамдас бөліктерімен таныстырып өтті.
Кездесу соңында баяндамадағы мәліметтер қызу талқыға салынып, өз ойларын интерн-дәрігерлер ашық жеткізе білді.