Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Урология ғылыми орталығымен ын...
23 қазан 2026
1
0
0

Урология ғылыми орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ академик Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Академия ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызының ғылыми және ұлттық орталықтармен байланысты кеңейту жөніндегі тапсырмасы бойынша «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ мен «Академик Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумға V Орталық Азия урологтарының конгресінде (CACU26) қол қойылды. Конгресс 2026 жылғы 22–23 қазанда Алматы қаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өтті. Конгресті Урология ғылыми орталығының Басқарма төрағасы, CACU Президенті және KAUA Төрағасы Аманов Ануар Тұрсынжанұлы ашты. Меморандумға қол қою рәсіміне «Академик Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасының ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі орынбасары Жантелиева Ләззат Асанқызы да қатысты.

Конгреске Қазақстан, Австрия, Түркия, Германия, Грекия, БАӘ, Ресей, Қырғызстан, Армения, Швеция және Франциядан жетекші урологтар қатысты. Ғылыми бағдарламада онкоурология, эндоурология және несеп-тас ауруы, андрология, ерлер бедеулігі және медицинада жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды. Екінші күні Еуропалық урология мектебінің (ESU) «Несеп-тас ауруы: диагностика және заманауи емдеу» курсы мен нақты клиникалық деректермен жұмыс істеуге арналған EAU UroEvidenceHub сессиясы өтті.

Меморандум докторантура мен резидентурада ғылыми және медициналық кадрларды бірлесіп даярлауға бағытталған. Сонымен қатар, ол тәжірибе алмасуды, бірлескен ғылыми жобаларға қатысуды және білім алушылар үшін клиникалық базаны дамытуды көздейді. Еліміздегі жетекші бейіндік орталықпен ынтымақтастық ОҚМА докторанттары мен резиденттеріне урология саласында ғылыми және практикалық жұмыс үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Пікірлер орны (0)