
«Отбасылық медицина» кафедрасының ПОҚ ұйымдастыруымен кафедра ассистенті Ешимбетова Дилдора Дамирқызының жетекшілігінде ІТҚ-10-26 және ІТО-13-26 тобының дәрігер-интерндері №29 Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін орта мектептің білім алушылары арасында жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау және ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор дәріс ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға ерте жүктіліктің денсаулыққа, психологиялық жағдайға, білім алуға және болашақ өмірге тигізетін әсері туралы дұрыс әрі түсінікті ақпарат беру.
Кездесу барысында жасөспірімдік кезеңдегі физиологиялық және психологиялық өзгерістер, жеке гигиена талаптары, репродуктивті денсаулықты сақтау қағидалары түсіндірілді. Ерте жүктіліктің жас ағзаға үлкен салмақ түсіретіні, жүктілік пен босану кезінде түрлі асқынулардың туындау қаупі жоғары болатыны айтылды. Сонымен бірге ерте жүктіліктің оқуын жалғастыруға, мамандық таңдауға, әлеуметтік ортаға бейімделуге және эмоционалдық жағдайға кері ықпал етуі мүмкін екені атап өтілді.
Оқушыларға жауапты мінез-құлық қалыптастыру, жеке шекараны білу және қорғау, қысым көрсетуге немесе мәжбүрлеуге жол бермеу жөнінде кеңестер берілді. Қауіпті жағдайларда нақты әрі сенімді түрде «жоқ» деп айту, күмәнді кездесулер мен ұсыныстардан бас тарту және жақын ересек адамнан дер кезінде көмек сұрау қажеттігі түсіндірілді. Кез келген қарым-қатынас өзара құрметке, жауапкершілікке және қауіпсіздікке негізделуі тиіс екені айтылды.
Сондай-ақ репродуктивті денсаулық туралы ақпаратты әлеуметтік желілердегі күмәнді дереккөздерден емес, медицина қызметкерлерінен және ресми ақпарат көздерінен алу маңызды екеніне назар аударылды. Денсаулыққа қатысты сұрақтар немесе алаңдаушылық туындаған жағдайда ата-анаға, мектеп психологіне, әлеуметтік педагогке немесе медицина қызметкеріне жүгіну ұсынылды. Құпиялылықты сақтау және мамандардан кеңес алудың маңыздылығы түсіндірілді.
Ерте жүктіліктің алдын алу бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстары жасөспірімдердің денсаулыққа саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. Осындай профилактикалық іс-шараларды ата-аналар, педагогтер, психологтер және медицина мамандарының қатысуымен жүйелі түрде жалғастыру ұсынылады.