
2026 жылғы 3–6 қараша аралығында Шымкент қаласында неврология, генетика, психиатрия, нейрохирургия және оңалту салаларындағы жетекші мамандардың басын қосқан ауқымды ғылыми-білім беру іс-шарасы — «Пәнаралық неврология — 2026» халықаралық конгресі өтті.
Конгресс Global Parkinson’s Genetics Program (GP2) халықаралық бағдарламасының зерттеушілері және Паркинсон ауруы мен қозғалыс бұзылыстары жөніндегі халықаралық қоғамның (International Parkinson and Movement Disorder Society — MDS) жетекші сарапшыларының қатысуымен өткізілді.
Іс-шараны Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Паркинсон ауруы мен қозғалыс бұзылыстары жөніндегі халықаралық қоғам, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан неврологтер, нейрофизиологтер, нейрохирургтер және реабилитологтер қоғамы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан кәсіби неврологтерінің Asia Neuro қауымдастығы ұйымдастырды.
Конгресс жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, тәжірибелік дәрігерлер, оқытушылар, докторанттар, резиденттер және медициналық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Ғылыми бағдарлама пленарлық отырыстарды, қатар өткізілген тақырыптық секцияларды, биоинформатика бойынша практикалық семинарды, жас ғалымдар байқауын, клиникалық талқылаулар мен сараптамалық пікірталастарды қамтыды.
Конгрестің салтанатты ашылуы 5 қарашада өтті. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы басшылығының және халықаралық кәсіби ұйымдардың өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық және секциялық отырыстарда жүйке жүйесі ауруларын диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың заманауи тәсілдері талқыланды. Паркинсон ауруы мен басқа да қозғалыс бұзылыстарына, деменция мен нейродегенеративті ауруларға, эпилепсияға, инсультке, шашыранды склерозға, жүйке-бұлшықет және орфандық ауруларға, созылмалы ауырсынуға, бас айналуға, ұйқы бұзылыстарына, психикалық бұзылыстар мен нейрореабилитация мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Паркинсон ауруы мен қозғалыс бұзылыстары саласындағы жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуы конгрестің маңызын арттыра түсті. Шақырылған мамандардың қатарында профессор Шен-Янг Лим (Малайя университеті, Куала-Лумпур, Малайзия), неврология және нейрогенетика профессоры Генри Хоулден (UCL Queen Square неврология институты, Лондон, Ұлыбритания), балалар неврологі және қозғалыс бұзылыстары жөніндегі маман Хуан Дарио Ортигоса-Эскобар (Sant Joan de Déu госпиталі, Барселона, Испания), сондай-ақ неврология кафедрасының доценті Мехри Салари (Шахид Бехешти атындағы медицина ғылымдары университеті, Тегеран, Иран) болды.
Халықаралық сарапшылар нейродегенеративті аурулардың генетикасы мен молекулалық механизмдері, үдемелі супрануклеарлық салдану, атипиялық паркинсонизм, сирек кездесетін және күрделі қозғалыс бұзылыстары туралы заманауи ғылыми деректерді ұсынды. Профессор Шен-Янг Лим Паркинсон ауруы, көпжүйелі атрофия және үдемелі супрануклеарлық салдану кезінде MDS диагностикалық құралдарын қолдану бойынша мамандандырылған сабақтар өткізді.
Шетелдік мамандардың баяндамалары клиникалық жағдайларды талқылаумен, пікірталастармен және халықаралық ұсынымдарды дәрігерлердің күнделікті тәжірибесіне енгізу мүмкіндіктерін қарастырумен ұштастырылды. Жеке білім беру сессиясы аясында MDS кәсіби оқыту және тағылымдамадан өту бағдарламалары таныстырылды. Жас неврологтер Қоғамның халықаралық білім беру және fellowship-бағдарламаларына қатысу тәжірибесімен бөлісті. Бұл қатысушыларға біліктілікті арттыру, ғылыми тағылымдамалардан өту және жетекші шетелдік орталықтармен одан әрі ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға жағдай жасады. MDS сарапшыларының қатысуы ғылыми бағдарламаның жоғары халықаралық деңгейін қамтамасыз етіп, тәжірибе алмасуға, күрделі клиникалық жағдайларды талқылауға және ұзақмерзімді кәсіби ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.
Бағдарламада генетика және дербестендірілген медицина мәселелеріне маңызды орын берілді. Сарапшылар Паркинсон ауруының генетикалық факторлары, нейродегенерацияның молекулалық механизмдері, геномдық талдау мүмкіндіктері және биомаркерлерді клиникалық тәжірибеде қолдану перспективалары туралы заманауи деректерді ұсынды. Қозғалыс бұзылыстарына арналған секциялар аясында Паркинсон ауруын, треморды, дистонияны, тиктерді және басқа да гиперкинездерді диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері қарастырылды. Мамандар ботулиндік токсинмен емдеудің, миды терең стимуляциялаудың, транскраниалдық магниттік стимуляцияның, физиотерапияның және пациенттерді кешенді оңалтудың мүмкіндіктерін талқылады.
Жекелеген ғылыми сессиялар цереброваскулярлық патологияға арналды. Қатысушылар инсульттің алдын алу мен емдеудің заманауи стратегияларын, тромболизистік терапия, эндоваскулярлық араласулар, ерте нейрореабилитация және қимыл-қозғалыс пен когнитивтік функцияларды қалпына келтіру мүмкіндіктерін қарастырды.
Балалар неврологиясы мәселелері эпилепсияны, жүйке-бұлшықет және тұқым қуалайтын ауруларды, аутизм спектрінің бұзылыстарын, даму бұзылыстары мен сирек кездесетін неврологиялық синдромдарды диагностикалау және емдеу тақырыптарын қамтыды. Пәнаралық формат неврологтердің, педиатрлардың, генетиктердің, психиатрлардың, реабилитологтердің және басқа да мамандардың тәжірибесін біріктіруге мүмкіндік берді.
Конгрестің маңызды бөліктерінің бірі Қазақстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясынан келген студенттер, резиденттер, магистранттар мен докторанттар қатысқан жас ғалымдар байқауы болды. Жас зерттеушілер ғылыми жұмыстарының нәтижелері мен клиникалық жағдайларды ұсынды, ал үздік баяндамалар дипломдармен марапатталды.
Конгресс бағдарламасына GP2 аясында биоинформатика бойынша екі күндік практикалық семинар да енгізілді. Оның қатысушылары халықаралық клиникалық және генетикалық деректермен жұмыс істеуді, сегрегациялық және ассоциациялық талдау жүргізуді, жекелеген гендерді зерттеуді және генетикалық нұсқаларды интерпретациялауды меңгерді.
Grand Rounds форматындағы клиникалық талқылаулардың практикалық маңызы ерекше болды. Олар күрделі диагностикалық жағдайларды егжей-тегжейлі талқылауға, пациенттерді жүргізудің әртүрлі тәсілдерін салыстыруға және халықаралық сарапшылардың ұсынымдарын алуға мүмкіндік берді.
Конгрестің мазмұнды бағдарламасы кәсіби диалогке, клиникалық тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулердің перспективаларын талқылауға қолайлы жағдай жасады. Қатысушылар жаңа ғылыми байланыстар орнатуға, диагностика мен емдеудің озық технологияларымен танысуға, сондай-ақ одан әрі халықаралық ынтымақтастықтың бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.

«Пәнаралық неврология — 2026» халықаралық конгресінің өткізілуі медицина және ғылым қауымдастығы үшін маңызды оқиға болды. Іс-шара Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының халықаралық академиялық әріптестікті дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға және заманауи ғылыми жетістіктерді медициналық білім беру мен клиникалық тәжірибеге енгізуге арналған алаң ретіндегі ұстанымын нығайтты.