
Шымкент қаласында «Пәнаралық неврология – 2026» халықаралық конгресі өз жұмысын бастады. Ауқымды ғылыми іс-шараны Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен «Asia Neuro» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Халықаралық конгреске Global Parkinson’s Genetics Program (GP2) бағдарламасының зерттеушілері, Халықаралық Паркинсон ауруы және қозғалыс бұзылыстары қоғамының (MDS) жетекші сарапшылары, сондай-ақ Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлер қатысуда.
Конгрестің негізгі мақсаты – жүйке жүйесі ауруларын ерте диагностикалау, заманауи емдеу және оңалту әдістерін талқылау, ғылыми жетістіктерді клиникалық тәжірибеге енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту.

Іс-шараның алғашқы күні Global Parkinson’s Genetics Program (GP2) халықаралық бағдарламасы аясында нейрогенетика және биоинформатика бағыттары бойынша арнайы ғылыми-білім беру сессиялары өтті.
Сессияларда Паркинсон ауруының генетикалық ерекшеліктері, заманауи геномдық зерттеулер, биоинформатикалық талдау әдістері мен халықаралық ғылыми жобалардың нәтижелері кеңінен қарастырылды.

Аталған кездесулер жас ғалымдар мен медицина мамандарының кәсіби білімін жетілдіруге, ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық әріптестікті нығайтуға жол ашады.
«Пәнаралық неврология – 2026» конгресі отандық неврология ғылымының дамуына серпін беріп, әлемдік ғылыми жетістіктерді Қазақстанның медициналық тәжірибесіне енгізуге маңызды алаң болмақ.