Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА ұжымы мен студенттері ҚР...
5 қараша 2026
1
0
0

ОҚМА ұжымы мен студенттері ҚР Президенті Жолдауының стратегиялық бағдарлары мен міндеттерін талқылады

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.

Жиында "ОҚМА" АҚ ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызы Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттердің білім беру және денсаулық сақтау салалары үшін маңыздылығына тоқталып, жоғары оқу орындарының осы бағыттағы жауапкершілігін атап өтті.

Мұнан кейін оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы «Президент Жолдауындағы әлеуметтік саясат, жастарды қолдау және өскелең ұрпақтың жауапкершілігі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Жолдауда белгіленген әлеуметтік саясаттың басым бағыттары, жастарды қолдау және өскелең ұрпақтың қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы айтылды.

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі Нұржанбаева Жаннат Оралбайқызы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстан: мемлекеттілік, қоғамдық бірлік және ел дамуының стратегиялық бағыттары» тақырыбында баяндама жасап, мемлекеттілікті нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау және еліміздің тұрақты дамуының маңыздылығына назар аударды.

Жиын барысында білім алушылар Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда білім беру ұйымдарының рөлі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін талқылады.

Пікірлер орны (0)