Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары GP2 халықаралық семинары генет...
10 қараша 2026
1
0
0

GP2 халықаралық семинары генетика және биоинформатика саласындағы жас зерттеушілердің басын қосты

2026 жылғы 3–4 қарашада Aidana Plaza кешенінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Global Parkinson’s Genetics Program (GP2) халықаралық бағдарламасымен ынтымақтастық аясында ұйымдастырған биоинформатика бойынша екі күндік практикалық семинар өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты жас ғалымдар мен мамандардың Паркинсон ауруының генетикасы, биоинформатика, клиникалық және геномдық деректерді өңдеу, сондай-ақ ғылыми зерттеулер нәтижелерін статистикалық интерпретациялау салаларындағы практикалық құзыреттерін дамыту болды.

Бірінші күні қатысушылар GP2 бағдарламасының мақсаттары және негізгі қызмет бағыттарымен, Паркинсон ауруының генетикасы туралы заманауи түсініктермен, аурудың моногендік және кешенді түрлерімен, сондай-ақ оның дамуымен байланысты белгілі гендер және генетикалық нұсқалармен танысты.

Verily Workbench Platform бұлттық платформасында практикалық жұмыс жүргізуге ерекше назар аударылды. Қатысушылар виртуалды жұмыс ортасын құруды, аналитикалық ноутбуктерді іске қосуды, GP2 деректер массивтерімен жұмыс істеуді, клиникалық ақпаратты алуды және сипаттамалық статистикалық талдау жүргізуді үйренді.

Бірінші күннің бағдарламасына ықтимал маңызды генетикалық нұсқаларды анықтау, мамандандырылған дерекқорларды пайдалану, анықталған өзгерістердің патогенділігін бағалау және Америкалық медициналық генетика және геномика колледжінің (ACMG) жіктеу критерийлерін қолдану бойынша сабақтар да енгізілді. Қатысушыларға генетикалық нұсқалар жөніндегі GP2 есебінің құрылымы, CAT-PD жобасы, оның соңғы жаңартулары және GP2 бағдарламасы аясында одан әрі білім алу мүмкіндіктері таныстырылды.

Екінші күн тереңдетілген биоинформатикалық талдауға арналды. Практикалық сабақтар барысында тыңдаушылар отбасындағы ықтимал себептік генетикалық нұсқаны анықтау мақсатында сегрегациялық талдау жүргізуді, GP2 клиникалық деректерін пайдалана отырып бірфакторлы ассоциациялық талдау жасауды, генетикалық нұсқалар мен Паркинсон ауруының клиникалық көріністері арасындағы корреляцияны талдауды, сондай-ақ алынған нәтижелерді интерпретациялауды меңгерді.

Қатысушылар жекелеген гендерге талдау жүргізіп, ассоциациялық тестілеуге арналған генетикалық нұсқалардың тізімдерін дайындады және сирек кездесетін нұсқалардың жиынтық жүктемесін талдау әдістемесімен — burden analysis-пен танысты.

Практикалық сабақтарды GP2 бағдарламасының халықаралық мамандары мен оқытушылары — Кайыржанов Рауан Бағданұлы, Симона Ясайтите және Мехри Салари өткізді. Интерактивті формат қатысушыларға теориялық білім алып қана қоймай, сарапшылардың жетекшілігімен биоинформатикалық талдаудың негізгі кезеңдерін өз бетінше орындауға мүмкіндік берді.

Семинардың өткізілуі халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, жас мамандардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіруге және Паркинсон ауруын зерттеуге геномдық талдаудың заманауи әдістерін енгізуге ықпал етті. Алынған білім сапалы генетикалық зерттеулер жүргізуге және академия өкілдерінің халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына негіз қалайды.

Пікірлер орны (0)