Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Жас ғалымдар «Пәнаралық неврол...
10 қараша 2026
1
0
0

Жас ғалымдар «Пәнаралық неврология — 2026» халықаралық конгресінде инновациялық зерттеулерін ұсынды

2026 жылғы 4 қарашада Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Пәнаралық неврология — 2026» халықаралық конгресі аясында жас ғалымдар байқауы өтті. Іс-шара офлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылып, кәсіби қарым-қатынас жасауға, ғылыми идеялармен алмасуға, сондай-ақ неврология мен медицинаның сабақтас салаларындағы өзекті зерттеулердің нәтижелерін таныстыруға арналған алаңға айналды.                                                                                                       Байқауға Қазақстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясының медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми-клиникалық ұйымдарының студенттері, резиденттері, магистранттары, докторанттары және жас мамандары қатысты. Екі секциялық алаңда барлығы 66 ғылыми баяндама ұсынылды.

Байқау жұмыстарының тақырыптары заманауи медицинаның өзекті мәселелерінің кең ауқымын қамтыды: эпилепсия және эпилепсиялық энцефалопатиялар, жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын және орфандық аурулары, балалар неврологиясы, нейрореабилитация, цереброваскулярлық патология, нейродегенеративті аурулар, жүйке-бұлшықет бұзылыстары, клиникалық генетика, нейрофизиология, сондай-ақ пациенттерді диагностикалау мен емдеуде заманауи цифрлық технологияларды қолдану.

Дербестендірілген терапияға, молекулалық-генетикалық диагностикаға, транскраниалдық магниттік стимуляцияға, цифрлық оңалтуға, нейробиомаркерлерге, сирек кездесетін клиникалық жағдайларға және неврологиялық аурулары бар пациенттерді жүргізудің пәнаралық тәсілдеріне арналған зерттеулер ерекше қызығушылық тудырды.

Қатысушылардың жұмыстарын Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының оқытушылары, ғалымдары мен мамандарынан құралған сараптамалық қазылар алқасы бағалады. Бағалау барысында зерттеудің ғылыми өзектілігі мен жаңашылдығы, алынған нәтижелердің практикалық маңызы, материалды ұсыну сапасы және қойылған сұрақтарға берілген жауаптардың дәлелділігі ескерілді.

Байқау қорытындысында сараптамалық қазылар алқасы онлайн және офлайн секциялар бойынша жеңімпаздарды жеке анықтады. Жұмыстардың ғылыми жаңашылдығы, өзектілігі, практикалық маңызы және баяндамалардың сапасы негізінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді.

Онлайн секция

I орын — Ибрагимов Шерзод Умидович, PhD докторанты, Самарқанд мемлекеттік медицина университеті, Самарқанд қаласы, Өзбекстан Республикасы.

II орын — Осмаева Заира Шоиповна, педиатрия факультетінің 6-курс студенті, Астрахан мемлекеттік медицина университеті, Астрахан қаласы, Ресей Федерациясы.

III орын — Ауелханов Ильяс Бауыржанұлы, 3-оқу жылының оториноларинголог-резиденті, Қазақстан-Ресей медицина университеті, Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы.

Офлайн секция

I орын — Салықбаев Азамат Алматұлы, 1-оқу жылының невролог-резиденті, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы.

II орын — Есенова Мөлдір Ардаққызы, 1-оқу жылының невролог-резиденті, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы.

III орын:

- Нысанбай Гаухар Нұрланқызы, 1-оқу жылының эндокринолог-резиденті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Шымкент қаласы, Қазақстан Республикасы;

- Сембай Арайлым Джамбулқызы, 1-оқу жылының невролог-резиденті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Шымкент қаласы, Қазақстан Республикасы.

Көрермендер көзайымы жүлдесі

- Кораглиева Русалина Исаевна, 1-оқу жылының невролог-резиденті, Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы;

- Құсайын Мереке Медетұлы және Қуандықов Нұрәли Темірханұлы, 3-курс студенттері, «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ, Ақтөбе қаласы, Қазақстан Республикасы.

Жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Қазылар алқасының мүшелері жас зерттеушілердің жоғары дайындық деңгейін, ұсынылған ғылыми жұмыстардың өзектілігін және қатысушылардың зерттеу материалдарын сенімді меңгергенін атап өтті.

Байқаудың өткізілуі жас мамандардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға, әртүрлі елдердің медициналық ұйымдары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және ғалымдардың жаңа буынын заманауи неврологияның өзекті міндеттерін шешуге тартуға ықпал етті.

Пікірлер орны (0)