
25.11.2026 жылы ОҚМА «Педиатрия-2» кафедрасының ассистенті Г.М. Онласбекова Медицина факультеті «Педиатрия» мамандығының 4-курс білім алушыларымен бірге Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушыларына «Түтінсіз болашаққа қадам бас» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерге темекі шегудің, электронды темекі мен вейп қолданудың адам денсаулығына тигізетін зияны туралы түсінік беру, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру. Сонымен қатар оқушылардың бойында өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, дұрыс таңдау жасау және зиянды әдеттерге қарсы тұру дағдыларын қалыптастыру көзделді.
Іс-шара барысында оқушыларға темекі түтінінің құрамындағы зиянды заттар, никотиннің ағзаға әсері, темекі шегудің тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйелеріне тигізетін кері ықпалы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, электронды темекі мен вейптің қауіпсіз емес екендігі, олардың жасөспірімдер денсаулығына келтіретін зияны түсіндірілді.
Тақырыпты тереңірек түсіндіру мақсатында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, презентация арқылы маңызды мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, темекі түтінінің зиянын көрнекі түрде түсіндіруге бағытталған тәжірибе ұйымдастырылды. Оқушылар тәжірибе нәтижесін бақылап, темекі түтінінің адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы түсініктерін кеңейтті.
Оқушылардың белсенділігін арттыру және тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында сұрақ-жауап кезеңдері өткізілді. Оқушылар өз білімдерін ортаға салып, зиянды әдеттерден бас тартудың маңыздылығын талқылады. Кері байланыс кезеңінде оқушылар өз ойларымен бөлісіп, салауатты өмір салтын таңдауға қатысты пікірлерін білдірді.
Іс-шара соңында жасөспірімдерге өз денсаулығын қорғаудың, зиянды әдеттерден аулақ болудың және болашақта дұрыс өмірлік таңдау жасаудың маңыздылығы түсіндірілді.