
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «7M10142 – Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын Кулмуратова Мақпал Үсенқызы 2026 жылғы 19.10.2026-30.10.2026 аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласындағы Ташкент фармацевтика институтында (ТашФарми) фармацевтикалық, токсикологиялық химия және фармакогнозия кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама «Оңтүстік Қазақстан флорасындағы ақ түйежоңышқа өсімдігінің (Melilotus albus Medik.) фармакогностикалық талдауы» тақырыбындағы магистрлік диссертация аясында ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстары алдын ала дайындалған өсімдік сығындыларының фитохимиялық құрамын талдауға бағытталды.
Институт зертханаларында сығындылар жұқа қабатты хроматография (ЖҚХ), ультракүлгін спектрофотометрия (УК) және жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы (ЖТСХ) әдістерімен зерттелді. Кверцетин мен рутиннің стандартты үлгілерімен салыстыру арқылы аталған қосылыстардың сығындыларда бар екені анықталды.
Зерттеу барысында магистрант хроматографиялық және спектрофотометриялық талдау жүргізу, стандартты үлгілермен жұмыс істеу, алынған хроматограммалар мен спектрлерді түсіндіру бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді. Жинақталған нәтижелер магистрлік диссертацияның эксперименттік бөлімін толықтыруға негіз болды.

Ташкент фармацевтика институты мамандарымен тәжірибе алмасу зертханалық әдістерді тереңірек меңгеруге және ғылыми жұмыстың алдағы бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді. Магистрант зерттеулерді жүргізуге жағдай жасаған институт басшылығына, ғылыми кеңесшілерге және зертхана қызметкерлеріне көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіреді.