
Терапия кафедрасында шетелдік студенттерге Қазақстан Республикасының Конституциясының негізгі ережелерін, еліміздегі көші-қон тәртібін және академияның ішкі тәртіп ережелерін түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру сабағы өткізілді. Іс-шараны терапия кафедрасының ассистенті Жумаева Ә.Б. жүргізді.
Сабаққа ВМ-МША-07-23 тобының студенттері қатысты. Сабақ барысында студенттерге Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі құқықтар мен міндеттер, шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу және тіркелу тәртібі, көші-қон заңнамасының талаптары туралы түсіндірілді.
Сонымен қатар, академияның ішкі тәртіп ережелері, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, оқу үдерісіндегі тәртіпті сақтау, академиялық адалдық қағидаттары және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысу мәселелері қарастырылды. Кездесу барысында шетелдік студенттердің Қазақстан Республикасының заңнамасын құрметтеуі, белгіленген тәртіп пен талаптарды сақтауы, сондай-ақ білім алу кезеңінде өз құқықтары мен міндеттерін білуінің маңыздылығы атап өтілді.
Ашық пікір алмасу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Қазақстан Республикасында тұру, оқу және академияның ішкі тәртібіне қатысты мәселелер бойынша қажетті ақпарат алды. Сабақ қорытындысы бойынша студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау және академиялық ортада жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Іс-шара ақпараттық-түсіндіру форматында өтіп, шетелдік студенттердің құқықтық білімін жетілдіруге және академиялық ортаға бейімделуіне ықпал етті.