
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) делегациясы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерін дамыту перспективаларына арналған кездесу өтіп, ғылым, білім, медицина, өндіріс, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Делегация құрамында ҚСЗИ төрағасының экономикалық саясат жөніндегі орынбасары Габдуллина Жанар Мұратқызы, ҚСЗИ Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің басшысы Өмірбаева Бибігүл Серікқызы, ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Альшанская Анна Алексеевна, сондай-ақ «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дирекциясының басшысы Байтемирова Жанна Серікқызы болды.
Жиынға Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры Қинаятов Аслан Қинаятұлы, Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Тұрманов Ермек Полатұлы, фармацевтика саласының, ғылым, білім, медицина, өндіріс және бизнес өкілдері қатысты.
Кездесуге онлайн форматта С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Шоранов Марат Едігеұлы, Қазақ тағамтану академиясының президенті Шарманов Алмас Төрегелдіұлы және Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ибадуллаев Асылан Сейілбекұлы қатысты.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызы қатысушыларды қарсы алып, бірлескен бастамаларды қолдағаны және Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерін дамытуға қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Ректор отандық фармацевтика саласын дамытуда ғылым, білім, медицина, өндіріс, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
ОҚМА-ның клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры, «Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластері» ЗТБ президенті Нұрмашев Б.К. кластердің қызметі туралы презентация жасап, оның құрылу тарихы, құрылымы, қатысушылары, қол жеткізген нәтижелері мен алдағы даму перспективалары жөнінде баяндады. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, отандық фармацевтикалық өнімдерді дамыту, инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған басым міндеттерге тоқталды.
Кездесуге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдері қатысты. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Куршидқызы Адамбекова фармацевтикалық кластерді дамытудағы бизнес, ғылым және білім салаларының өзара іс-қимылы туралы баяндап, кластерлік бастамаларды қолдау жөніндегі ұсыныстарын ұсынды. Кездесуге Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Дуйсенбекұлы Өткелбаев та қатысты.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Сейілбекұлы Ибадуллаев өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша кездесуге онлайн форматта қатысты. «Атамекен» өкілдері фармацевтикалық кәсіпорындарды қолдау, ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайту, сондай-ақ кластер аясындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Талқылау барысында отандық фармацевтикалық өндірістің әлеуетін арттыру, ғылыми жобаларды коммерцияландыру, ғылыми және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, кадрлар даярлау және бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалық бағыттары қарастырылды.
Жиын қорытындысында қатысушылар Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерін одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың, ғылыми-білім беру ұйымдарының, медициналық мекемелердің, фармацевтикалық кәсіпорындар мен бизнес-қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды екенін атап өтті.
Кездесуден кейін ҚСЗИ және «QazIndustry» өкілдері кластер құрамындағы бірқатар жетекші өндірістік және клиникалық ұйымдарға барып, олардың қызметімен, өндірістік және клиникалық мүмкіндіктерімен танысты.

Кездесу және Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерінің өндірістік нысандарына сапар барысынан көріністер
