Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «Қазақ халқының дәстүрлі тамақ...
24 қараша 2026
1
0
0

«Қазақ халқының дәстүрлі тамақтану мәдениеті»

2026 жылғы 23 қарашада «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы А.А. Беккулованың ұйымдастыруымен 1-курс МҚАБ-05-26 тобының білім алушылары арасында «Қазақ халқының дәстүрлі тамақтану мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – білім алушыларға қазақ халқының дәстүрлі тамақтану мәдениетін, ұлттық тағамдардың ерекшелігі мен тағамдық құндылығын таныстыру, дастарқан әдебі мен қонақжайлық дәстүрлерін дәріптеу, дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру және ұлттық мұраға деген құрметін арттыру.

Дөңгелек үстел барысында қазақ халқының дәстүрлі ас мәзірі, ет және сүт өнімдерінен дайындалатын ұлттық тағамдар, олардың адам денсаулығына пайдасы туралы мазмұнды ақпарат берілді. Білім алушылар қазақ дастарқанының тәрбиелік мәні, ас ұсыну әдебі, қонақ күту дәстүрі және тағамға қатысты ұлттық салт-дәстүрлер жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Іс-шарада ұлттық тағамдар таныстырылып, олардың дайындалу жолдары мен ерекшеліктері баяндалды. Сонымен қатар білім алушылар дәстүрлі тағамдарды қазіргі дұрыс тамақтану қағидаларымен үйлестіру, табиғи әрі құнарлы өнімдерді күнделікті ас мәзіріне енгізу мәселелерін талқылады. Тақырып аясында қойылған сұрақтарға жауап беріліп, қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылды.\

Дөңгелек үстел күй және әнмен көркемделіп, ұлттық мәдениет пен дәстүрдің сабақтастығын айшықтай түсті. Білім алушылар белсенділік танытып, ұлттық тағамдар туралы танымдық мәліметтер ұсынып, шығармашылық өнерлерін көрсетті.

Іс-шара қорытындысында қазақ халқының дәстүрлі тамақтану мәдениеті – ұлттың тұрмыс-тіршілігін, қонақжайлығын, дүниетанымы мен өмір салтын танытатын құнды мәдени мұра екені атап өтілді. Дөңгелек үстел білім алушылардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, саламатты өмір салтын ұстануға және ата-бабадан қалған тағамдық дәстүрлерді құрметтеуге үндеді.

Пікірлер орны (0)