
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2026 жылдың 10–24 қарашасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 6В10111 – «Қоғамдық денсаулық» білім беру бағдарламасының 4-курс білім алушылары «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» пәні бойынша білім алу үшін «Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау» кафедрасына келді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушыларды кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Г.Ж. Сарсенбаева және кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қарсы алды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасының мақсаты – білім алушылардың білім алу мүмкіндіктері мен таным көкжиегін кеңейту, білім сапасын арттыру, кәсіби құзыреттерін дамыту, сондай-ақ теориялық білімдерін тәжірибеде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру.
Күнделікті тәжірибелік сабақтар «Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау» кафедрасында өткізілді. Оқу үдерісінде шағын топтарда жұмыс істеу, командалық оқыту (TBL), (PBL), Case Study әдісі, ауызша сұрау, ситуациялық есептерді шешу және салыстырмалы талдау тәсілдері қолданылды. Аталған әдістер қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы кәсіби жағдайларды модельдеуге, теориялық білімді бекітуге, сондай-ақ білім алушылардың командада жұмыс істеу, деректерді талдау, негізделген шешімдер қабылдау және жұмыс нәтижелерін көпшілік алдында ұсыну дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы білім алушылардың сыни ойлау қабілетін жетілдіруге, кәсіби құзыреттерін дамытуға және өзара тәжірибе алмасуына оң ықпал етті.
Академиялық ұтқырлық – білім сапасын арттыруға, тәжірибелік дағдыларды меңгеруге және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік беретін заманауи білім берудің маңызды тетігі.