Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА-да академиялық адалдықты...
5 қараша 2026
1
0
0

ОҚМА-да академиялық адалдықты институционалдандыру бойынша тренинг өтті

3–4 қараша күндері Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты институционалдандыру» тақырыбында тренинг өтті.

Іс-шара академиялық адалдық мәдениетін нығайтуға, білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі тетіктерін жетілдіруге және білім беру үдерісіне қатысушылар арасында академиялық адалдық қағидаттарын бірізді түсінуді қалыптастыруға бағытталды.

Тренингке ОҚМА басшылығының, профессорлық-оқытушылық құрамның, әкімшілік-басқару персоналының, білім сапасын қамтамасыз ету қызметтерінің, оқу офистерінің, деканаттардың, кадрлық және IT қызметтерінің өкілдері қатысты.

Оқытуды Академиялық адалдық лигасы жобалық офисінің жетекшісі, Лига сарапшысы Нұргүл Нұрлан және Лига сарапшысы Инна Михайловна Джемалединова жүргізді.

Екі күн бойы қатысушылар академиялық адалдықты институционалдандырудың заманауи тәсілдерін, адал академиялық ортаны қалыптастырудағы басшылық пен құрылымдық бөлімшелердің рөлін, сондай-ақ білім беру және ғылыми қызметтегі заңбұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады. Әсіресе, ішкі жауапкершілік мәдениетін дамытуға, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және этикалық нормаларды сақтауға ерекше назар аударылды.

Тренинг аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне академиялық адалдық қағидаттарын енгізу тетіктері қарастырылды. Қатысушылар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады, сондай-ақ ішкі саясаттар мен рәсімдерді жетілдіру бойынша практикалық ұсынымдар алды.

Өткізілген іс-шара білім беру ұйымдарының өкілдері мен Академиялық адалдық лигасының сарапшылары арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Мұндай өзара іс-қимыл форматы академиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу және білім беру үдерісінің сапасын арттыру бойынша ортақ тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Тренинг қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Алмаз Нұрғалиұлы Нұрғали қатысты.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы академиялық адалдық қағидаттарының сақталуына ерекше мән беріп, білім сапасын арттыруға, оқу мен ғылыми қызметке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, сондай-ақ академиялық қоғамдастықтың барлық мүшелері арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді.

Мұндай іс-шараларды өткізу академиялық адалдық университет мәдениетінің міндетті талабы ғана емес, маңызды құндылығы саналатын ашық, әділ әрі жауапты білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді

Пікірлер орны (0)