
2026 жылғы 12–13 қарашада Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің ФГАОУ ДПО РМАНПО ұйымдастыруымен «А-дан Я-ға дейінгі инфекциялық аурулар» атты III Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференция өтті.
Халықаралық ғылыми конференция жұмысына «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ Жұқпалы аурулар кафедрасының өкілдері қатысты. Конференция Ресей, Беларусь, Қазақстан және Өзбекстан елдерінен келген инфекциялық аурулар, педиатрия, терапия және басқа да медициналық мамандықтар саласындағы жетекші мамандардың басын қосты.
Іс-шараның негізгі мақсаты балалар мен ересектердегі инфекциялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу сапасын арттыру, сондай-ақ медицина мамандары арасында өзекті ғылыми-практикалық тәжірибе алмасу болды.
Ғылыми бағдарлама аясында қазіргі заманғы инфектологияның өзекті мәселелеріне, инфекциялық аурулардың клиникалық ерекшеліктеріне, дифференциалды және зертханалық диагностикасына, сондай-ақ пациенттерді жүргізудің заманауи тәсілдеріне арналған баяндамалар ұсынылды.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Жұқпалы аурулар кафедрасы атынан келесі ғылыми баяндамалар ұсынылды:Абуова Гүлжан Наркеновна — «Эндемиялық емес өңір үшін импортталған безгек: клиникалық жағдай».Бердалиева Фарида Абдуллаевна - «Балалардағы Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы: гемиперитонеум аурудың критикалық ағымының маркері ретінде».2-курс резиденті Жолдасова Аружан Болатбайқызы - «XXI ғасырдағы скарлатина: клиникалық тәжірибедегі ауыр және гипертоксикалық түрлері».2-курс резиденті Нархалова Әселхан Әбілқызы — Жас инфекционист ғалымдар мектебі аясында «Туа біткен гепатит неонатология үшін сын-қатер ретінде: клиникалық жағдай» тақырыбында баяндама жасады.
Кафедраның халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ғылыми-клиникалық тәжірибесін таныстыруға, кәсіби білім мен тәжірибе алмасуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға маңызды мүмкіндік болды.