
2026 жылғы 11 қарашада «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы А.А. Беккулованың ұйымдастыруымен және ВМ-МҚАБ-03-26 тобы білім алушыларының қатысуымен «Ұлы дала – ұлттар үнімен» атты көркем сөз оқу әдеби кеші өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жөніндегі міндеттерді негізге ала отырып, жастардың қазақ тіліне деген құрметін күшейту, көркем әдебиетке қызығушылығын дамыту және түрлі этнос өкілдері арасында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын кеңінен насихаттау.

«Ақыл мен ой – адамдықтың шамы» тақырыбы аясында өткен әдеби кеште түрлі этнос өкілдері қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер мен өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Қатысушылар шығармалардың идеялық мазмұнын, ұлттық рухын және көркемдік ерекшелігін дауыс ырғағы, сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі арқылы жеткізе білді.
Әдеби кеш барысында қазақ тілінің ұлттарды жақындастыратын, қоғамдық келісім мен өзара құрметті нығайтатын маңызды құндылық екені атап өтілді. Білім алушылар қазақ әдебиетінің рухани мұрасымен танысып қана қоймай, тіл байлығын, ойлау қабілетін және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдірді.

Іс-шара достық пен ынтымақтастықты дәріптеп, Ұлы далада өмір сүретін түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге және қазақ халқының әдеби-мәдени мұрасына деген құрметін айқын көрсетті. Әдеби кеш соңында белсенді қатысушыларға алғыс білдірілді.