
Болашақ дәрігердің кәсіби білімі аудиториядағы дәрістермен және оқулықтармен ғана шектелмейді. Клиникалық ойлау қабілетін қалыптастыру мен дұрыс диагноз қою үшін зертханалық зерттеулердің жүргізілу ерекшеліктерін терең меңгеру аса маңызды.
Осы мақсатта ОҚМА Отбасылық медицина кафедрасының ұйымдастыруымен ІТҚ–08-26, ІТҚ–10-26 және ІТҚ–11-26 топтарының интерн-дәрігерлері заманауи «Олимп» медициналық зертханасына танымдық экскурсия жасады. Сапар барысында интерндер зертханалық талдаулардың орындалу кезеңдерімен танысып, заманауи анализаторлардың жұмысын және микроскопиялық зерттеу үдерісін өз көздерімен көрді.

Экскурсиядан кейін алынған тәжірибелік білім қазіргі өтіліп жатқан пәнмен сабақтастырылып, пульмонологиялық пациенттердің зертханалық көрсеткіштерін бағалауға арналған мазмұнды дәріспен жалғасты. Дәріс барысында өкпе ауруларында қолданылатын зерттеу түрлері, қан мен қақырық талдауларының дифференциалды диагностикадағы маңызы, сондай-ақ зерттеулердің құны, қолжетімділігі және клиникалық нәтижелері жан-жақты талқыланды.
Бұл сапар интерндерге теориялық білімдерін нақты клиникалық жағдайлармен ұштастырып, зертханалық диагностиканың медицинадағы маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Кафедраның қолдауымен ұйымдастырылған осындай тәжірибелік сабақтар болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын кеңейтіп, пациент денсаулығына деген жауапкершілігін арттыра түсетіні сөзсіз.