
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында хирургиялық пәндер бойынша өткен IV халықаралық олимпиаданың қорытынды іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Халықаралық деңгейдегі білім сайысына Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері мен еліміздегі медициналық бағытта білім беретін жоғары оқу орындарынан студенттер мен оқытушылар қатысты. Үш күнге созылған олимпиада барысында қатысушылар кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетіп, тәжірибе алмасты.

Биылғы олимпиадада 14 команда 14 конкурс бойынша бақ сынады. Әр конкурста үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар I, II және III орындар бойынша марапатталды.

Қорытынды жиында «ОҚМА» АҚ ректоры Жанна Сейтжанова олимпиадаға қатысқан жоғары оқу орындарының басшыларына, оқытушылар мен студенттерге алғысын білдіріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың және болашақ дәрігерлердің кәсіби әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, жалпы командалық есепте үздік нәтиже көрсеткен командаларға арнайы дипломдар мен ақшалай сый-сияпаттар табыстады.

Хирургиялық пәндер бойынша өткен IV халықаралық олимпиада жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, медициналық білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.