
2026 жылдың 28 қазанында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Дәрілер технологиясы және фармация ісін ұйымдастыру кафедрасы Жастар саясаты бөлімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас маманы Байымбетова Баян Сейтжаппарқызымен бірлесіп 6В10106 - «Фармация» білім алушыларына «Адалдық пен жауапкершілік – саналы ұрпақ таңдауы: академиялық адалдық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, ішкі тәртіп және нашақорлықтың алдын алу» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды.
«Дөңгелек үстелді» PhD, доцент м.а., кафедра меңгерушісі Нұрғали Аманбайұлы Рахымбаев жүргізді. Академияның тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы іс-шараның тәрбиелік маңызына тоқталып, білім алушылар арасында адалдық, жауапкершілік және заңға құрмет қағидаттарын қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.
Кездесуге құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері де қатысты. Заңгер Атамбаев Қайрат Даниярбекұлы және академияның комплаенс-офицері Пернебаев Нұрғали Әлиханұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, академиялық адалдықты сақтау, құқықтық сауаттылық пен жеке жауапкершілікті арттыру мәселелерін кеңінен талқылады.

Кездесу барысында есірткі қылмысы мен киберқылмыстың алдын алу мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Полиция департаментінің өкілдері Карбеков Бауыржан Қанатұлы мен Бекбаев Бақытжан Тұрсынбайұлы жастарға заманауи қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын баяндады. Сондай-ақ, «Даму» фармацевтикалық және медициналық ұйымдар қауымдастығының басшысы Альжанова Хадиша Дербесқызы мен ҚР ДСМ Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Садықова Айгүл Амангелдіқызы кәсіби ортадағы адалдық пен жауапкершіліктің мәніне тоқталды.
Студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Тағылымды кездесу білім алушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға, академиялық адалдық қағидаттарын нығайтуға және қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне ықпал етті.