Дәрілер технологиясы және фармация ісін ұйымдастыру кафедрасы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының екі кафедрасының – Дәрілер технологиясы кафедрасы мен Фармация ісін ұйымдастыру және басқару кафедрасының көпжылдық ғылыми-педагогикалық дәстүрлерін біріктіреді.
Дәрілер технологиясы кафедрасы
Дәрілер технологиясы кафедрасы 1981 жылы дербес құрылымдық бөлімше ретінде құрылды. Кафедраның алғашқы қызметкерлері кафедра меңгерушісі, фармация ғылымдарының кандидаты, доцент Чукурова Р.М., оқытушылар Рысбекова З.М. және Усенбаева Р.Б. болды.
1981–1984 жылдары Сагиндыкова Б.А. Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық фармация ғылыми-зерттеу институтының мақсатты аспирантурасында білім алды.
Әр жылдары «Дәрілер технологиясы» кафедрасын басқарғандар:
- Чукурова Р.М. – фармация ғылымдарының кандидаты, доцент (1981–1993 жж.);
- Мендибаев Б.Т. – фармация ғылымдарының кандидаты, доцент (1993–1997 жж.);
- Сагиндыкова Б.А. – фармация ғылымдарының докторы, профессор (1997–2025 жж.);
- Токсанбаева Ж.С. – фармация ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (2025–2026 жж.).
Фармация ісін ұйымдастыру және басқару кафедрасы
Фармация ісін ұйымдастыру және басқару кафедрасы 1982 жылы құрылып, академияның бейіндік кафедраларының бірі болды. Кафедраның қалыптасу кезеңінде ғылыми-педагогикалық кадрлар И.М. Сеченов атындағы Мәскеу медицина академиясының күндізгі мақсатты аспирантурасында даярлықтан өтті. Атап айтқанда, Арыстанов Ж.М. – 1985 жылы, Жумабаев Н.Ж. және Шертаева К.Д. – 1992 жылы.
Әр жылдары «Фармация ісін ұйымдастыру және басқару» кафедрасын басқарғандар:
- Калашникова Р.А. – фармация ғылымдарының кандидаты, доцент (1982–1996 жж.);
- Арыстанов Ж.М. – фармация ғылымдарының докторы, профессор (1996–1999 жж.; 2004–2012 жж.);
- Махатов Б.К. – фармация ғылымдарының докторы, профессор (1999–2002 жж.);
- Жумабаев Н.Ж. – фармация ғылымдарының кандидаты, доцент (2002–2004 жж.);
- Шертаева К.Д. – фармация ғылымдарының докторы, профессор (2012–2025 жж.);
- Шимирова Ж.К. – фармация ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (2025–2026 жж.).
Кафедра қызметінің негізгі бағыттары
«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ Ғылыми кеңесінің 2026 жылғы 30 маусымдағы шешіміне (№ 14 хаттама) және ректордың 2026 жылғы 1 шілдедегі № 119ө бұйрығына сәйкес «Дәрілер технологиясы» кафедрасы мен «Фармация ісін ұйымдастыру және басқару» кафедрасы біріктіріліп, Дәрілер технологиясы және фармация ісін ұйымдастыру кафедрасы құрылды.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап кафедраны философия докторы (PhD), доцент міндетін атқарушы Рахымбаев Нұрғали Аманбайұлы басқарады.
Кафедраның білім беру, ғылыми және оқу-әдістемелік қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, денсаулық сақтау жүйесінің заманауи талаптарына және фармацевтикалық еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес фармацевтикалық білім беру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Кафедраның негізгі міндеттері
- Фармация саласы бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлау;
- Дәрілердің дәріханалық және өнеркәсіптік технологиясы саласында кәсіби білім мен практикалық дағдыларды қалыптастыру;
- Фармация ісін ұйымдастыру, басқару және экономикасы саласында мамандар даярлау;
- Заманауи білім беру технологиялары мен тиісті фармацевтикалық практикалардың негіздерін оқу процесіне енгізу;
- Білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми-зерттеу қызметін дамыту;
- Білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік материалдарды және элективті пәндер каталогын әзірлеу әрі жүйелі түрде жаңарту;
- Білім беруді, ғылымды және практикалық фармацевтикалық қызметті өзара ықпалдастыру.
Іске асырылатын білім беру бағдарламалары
Кафедра төмендегі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды даярлауға қатысады:
- 6В10106 – «Фармация» (бакалавриат);
- 6В07201 – «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» (бакалавриат);
- 7М10142 – «Фармация» (магистратура: ғылыми-педагогикалық және бейіндік бағыттар);
- 8D10140 – «Фармация» (докторантура).
Көптілді оқыту
Кафедрада білім беру процесі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады.
Ағылшын тілінде бірқатар пәндер оқытылады, атап айтқанда:
- «Медициналық және фармацевтикалық тауартану»;
- «Персоналды басқару»;
- «Фармацевтикалық этика негіздерімен коммуникативтік дағдылар»;
- «Инновациялық фармацевтикалық технология»;
- «Фармацевтикалық ұйымды дағдарысқа қарсы басқару».
Оқу-әдістемелік жұмыс
Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы қазақ және орыс тілдерінде оқулықтар, оқу құралдары мен әдістемелік әзірлемелер дайындаған.
Дәрілер технологиясы бағыты бойынша негізгі басылымдар:
- Сагиндыкова Б.А. Дәрілердің өндірістік технологиясы: оқулық. – Шымкент, 2008. – 346 б.
- Сагиндыкова Б.А., Анарбаева Р.М. Биофармация және дәрілік препараттарды биофармацевтік зерттеу: оқулық. – Шымкент, 2023. – 206 б.
- Сагиндыкова Б.А., Анарбаева Р.М. Дәрілік түрлердің тәжірибелік технологиясы: оқулық. – Шымкент, 2021. – 427 б.
- Сагиндыкова Б.А., Анарбаева Р.М. Дәрілердің дәріханалық технологиясы. – Шымкент, 2021. – 560 б.
- Сагиндыкова Б.А. Дәрілердің өндірістік технологиясы: оқулық. 1-том. – Шымкент, 2024. – 340 б.
- Сагиндыкова Б.А. Дәрілердің өндірістік технологиясы: оқулық. 2-том. – Шымкент, 2024. – 410 б.
Фармация ісін ұйымдастыру және басқару бағыты бойынша негізгі басылымдар:
- Шертаева К.Д., Утегенова Г.И. Экономика фармации. – 2015. – 221 б.
- Шертаева К.Д., Утегенова Г.И. Фармация экономикасы. – 2016. – 221 б.
- Шертаева К.Д. Фармацевтический маркетинг: оқулық. – Шымкент, 2016. – 152 б.
- Шертаева К.Д., Утегенова Г.И. Основы фармацевтического права: оқулық. – 2018. – 230 б.
- Шертаева К.Д., Утегенова Г.И. Организация фармацевтической деятельности: оқулық. – 2021. – 220 б.
- Шертаева К.Д., Утегенова Г.И. Экономика фармации: оқулық. – 2025. – 220 б.
Жұмыс оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен бекітілген білім беру бағдарламаларына сәйкес жүйелі түрде жаңартылып отырады. Бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріндегі элективті пәндер каталогтары жыл сайын қайта қаралып, пәндердің мазмұны мен ұсынылатын әдебиеттер тізімі өзектендіріледі.
Ғылыми-зерттеу қызметі
Біріктірілген кафедраның ғылыми-зерттеу қызметі дәрілік препараттардың технологияларын әзірлеу және жетілдіру, биофармацевтикалық зерттеулер, дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, фармакоэкономика, фармацевтикалық менеджмент, маркетинг және логистика бағыттарын қамтиды.
Бастамашылық ғылыми-зерттеу жобалары
Дәрілер технологиясы бағыты бойынша:
1. «Балаларға арналған стероидты емес қабынуға қарсы препараттың дәрілік түрлерін әзірлеу және биофармацевтикалық зерттеу». Ғылыми жетекшісі – фармация ғылымдарының докторы, профессор Сагиндыкова Б.А.
2. «Шөлдік сәлбен (Salvia deserta Schangin) және ұсақгүлді жұпаргүл (Origanum tyttanthum Gontsch.) дәрілік өсімдіктерінен лиофильді экстракттар алу және осы экстракттар негізінде дәрілік препараттар технологиясын жасау». Ғылыми жетекшісі – фармация ғылымдарының докторы, профессор Сагиндыкова Б.А.
Фармация ісін ұйымдастыру және басқару бағыты бойынша:
1. «Интеллектуалды автоматтандырылған жүйе негізінде Қазақстан Республикасының халқын тәулік бойы дәрілік заттармен қамтамасыз етудің инновациялық моделін әзірлеу». Ғылыми жетекшісі – фармация ғылымдарының докторы, профессор Шертаева К.Д.
Студенттік ғылыми үйірмелер
Кафедрада технологиялық және ұйымдастырушылық-экономикалық бағыттар бойынша студенттік ғылыми үйірмелер жұмыс істейді.
Үйірмелердің қызметі білім алушылардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға, оларды кафедраның ғылыми жобаларына тартуға, ғылыми баяндамалар мен жарияланымдар дайындауға, сондай-ақ ғылыми-практикалық конференцияларға қатысуына бағытталған.
Студенттік ғылыми үйірмелердің жетекшілері:
- «Фармация технологы» – Иманалиева Салтанат Маршаловна, PhD, аға оқытушы;
- «Фармацевт-менеджер» – Джабаркулова Саёра Камалжановна, медицина ғылымдарының магистрі, аға оқытушы.
Кафедра қызметкерлерінің жетістіктері
Кафедра қызметкерлері мемлекеттік, ведомстволық және кәсіби марапаттарға ие болған.
Рахымбаев Н.А. – философия докторы (PhD), «Жастардың инновациялық әлеуеті» байқауының III дәрежелі дипломымен, «Үздік жас маман – 2022» төсбелгісімен және С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Қола медалімен» марапатталған.
Сагиндыкова Б.А. – фармация ғылымдарының докторы, профессор, Азия ғылым академиясының және Халықаралық ғылым академиясының Әзербайжан секциясының академигі, «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2008). «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» (1999), «Фармацевт мамандығына адалдығы үшін» (2014), «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін» (2020), «Еңбек ардагері» (2025) төсбелгілерімен, «Облыстың дамуына қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Университеттің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» (2021), «Университет мақтанышы» (2025) медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатымен (2022) және басқа да марапаттарға ие болған.
Фармацевтикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеушілердің бірі. Оның жетекшілігімен дәрілік препараттардың технологиялары жетілдіріліп, өнеркәсіптік өндіріске енгізілді, 5 уақытша фармакопеялық мақала бекітілді, гранттық қаржыландыру аясында бірқатар ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылды. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының К09.14.05 диссертациялық кеңесінің төрағасы (2002–2005 жж.), Д09.14.05 диссертациялық кеңесі төрағасының орынбасары (2005–2008 жж.), И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының диссертациялық кеңесінің мүшесі (2007–2019 жж.) болды. 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Терминологиялық комиссияның мүшесі. Оның ғылыми жетекшілігімен 6 ғылым кандидаты және 3 философия докторы (PhD) даярланды.
Шертаева К.Д. – фармация ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Білім беру ісінің үздігі» (2014) төсбелгісімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2017), «Фармацевт мамандығына адалдығы үшін», «Облыстың дамуына қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталған. Әр жылдары ғылыми хатшы, фармация факультетінің деканы және фармацевтикалық пәндер бойынша циклдік әдістемелік комиссияның төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта диссертациялық кеңестің төрағасы болып табылады және өзінің ғылыми мектебі қалыптасқан. Оның ғылыми жетекшілігімен 5 фармация ғылымдарының кандидаты және 5 философия докторы (PhD) диссертация қорғаған.
Анарбаева Р.М. – фармация ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2006) төсбелгісімен, «Фармацевт мамандығына адалдығы үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен (2001), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен (2006, 2012, 2016 жж.) марапатталған.
Умурзахова Г.Ж. – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор. Фармацевтикалық білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Фармацевт мамандығына адалдығы үшін» (2017) медальдарымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен (2019), «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен (2023), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Нәйлә Оразғұлқызы Базанова атындағы медалімен (2026), «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен (2026) марапатталған. 2020–2025 жылдары «ОҚМА» АҚ Фармация факультетінің деканы қызметін атқарған.
Халықаралық ынтымақтастық
Кафедра шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми және академиялық ынтымақтастықты дамытып, білім алушылардың ғылыми тағылымдамалары мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асырады.
- JSS Academy of Higher Education & Research (JSS AHER), JSS College of Pharmacy (Ути қ., Үндістан) – докторанттардың ғылыми тағылымдамалары және академиялық ұтқырлық;
- Әбуәли ибни Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университеті (Душанбе қ., Тәжікстан) – академиялық ұтқырлық;
- Ташкент фармацевтикалық институты (Ташкент қ., Өзбекстан) – магистранттардың ғылыми тағылымдамалары және академиялық ұтқырлық;
- Санкт-Петербург мемлекеттік химия-фармацевтика университеті (Санкт-Петербург қ., Ресей) – докторанттардың ғылыми тағылымдамалары және академиялық ұтқырлық;
- Халықтар достығы орденді Витебск мемлекеттік медицина университеті (Витебск қ., Беларусь) – академиялық ұтқырлық;
- Пятигорск медицина-фармацевтика институты – Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің Волгоград мемлекеттік медицина университетінің филиалы (Пятигорск қ., Ресей) – академиялық ұтқырлық;
- И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы (Бішкек қ., Қырғызстан) – академиялық ұтқырлық;
- Самарқанд мемлекеттік медицина университеті (Самарқанд қ., Өзбекстан) – академиялық ұтқырлық;
- Әзербайжан медицина университеті (Баку қ., Әзербайжан) – академиялық ұтқырлық;
- Қазан мемлекеттік медицина университетінің Фармация институты (Қазан қ., Ресей) – академиялық ұтқырлық.